×
524.65
552.19
5.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.65
552.19
5.14

Біртанов жұрт өткір сынайтын МӘМС жүйесін «өте дұрыс реформа» деп есептейтінін айтты

02.02.2024, 14:43
Біртанов жұрт өткір сынайтын МӘМС жүйесін «өте дұрыс реформа» деп есептейтінін айтты
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті-әлеуметтік сақтандыру жүйесі қаншама сынға ұшыраса да керек реформа деп есептейді. Ол бұл пікірін Ulysmedia.kz порталының сұрағына берген жауабында айтты.

«Халықтың болашағына қажет реформа»

– Міндетті әлеуметтік-сақтандыру жүйесі сіз министр болған кезде басталды. Бірақ халық сол жүйенің қызығын көре алмай отыр. Ол жүйені тоқтатайық деп депутаттар да айтып жатыр. Сіз қателеспесем, жақында жазбаларыңыздың бірінде жүйенің енгізілгені дұрыс деп жаздыңыз. Неге халық қызығын көре алмай отыр? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі экс-министрден.

Бұл сұраққа жауап берген Елжан Біртанов жүйені өзі емес, үкімет енгізгенін еске салады. Реформа 2020 жылы басталғанын атап өтеді.

– Біріншіден, МӘМС жүйесін тек мен енгізген жоқпын. Бүкіл денсаулық сақтау министрлігі, үкімет. Иә, бірақ расында мен министр кезімде сол реформа басталды. Бірақ шынын айтсақ, бұл мәселе одан 15 жыл бұрын көтерілген. Себебі 2002 жылдан бастап бүкіл біздің дәрігерлер, медицина мамандары, ғалымдар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне көшу керектігін айтып жүрген. Арнайы мемлекеттік стратегияларда жазылған. Мысалы 2015 жылы «100 қадам. Ұлттық жоспарда» да «Қазақстанда МӘМС жүйесін енгізу қажет» деп жазылған. Сонымен, дайындық жұмыстары көп жүргізілді. 2015 жылдан бастап 5 жыл дайындалып, 2020 жылы басталды, – дейді ол.

Елжан Біртановтың айтуынша, бұл өте үлкен әрі күрделі, жүйелі реформа. Оның нәтижесін көру үшін көп жыл керек.

– Сенесіздер ме, сенбейсіздер ме, бірақ расында да солай: осы реформаның арқасында бұкіл біздің денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы өзгеруі қажет. Ішіндегі кадр, қаржымен қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер... Бір-екі жылдан кейін әрине, осы үлкен нәтижелерді күту дұрыс емес деп санаймын. Әрине, кейбір нәтижелер бар. Жақсысы бар, жаманы бар. Сонымен, меніңше, бұл өте дұрыс әрі қажетті реформа. Бұл біріншіден, халыққа, еліміздің болашағына қажетті реформа. Себебі бұл жүйе болашақта денсаулық сақтау жүйесінің үлкен тірек қолдауы болады. Өйткені ол тікелей экономиканың дамуына байланысты реформа, – дейді ол.

«Жүйені енгізуде мәселелер бар»

“Сіз бұрын сол реформаға тікелей қатысты адам болдыңыз. Қазір сырт көз ретінде осы реформаның жүзеге асырылуына қалай баға бересіз?” деген сұраққа экс-министр былай жауап берді.

– Әрине, кейбір азаматтар маған сұрақ қойғанда «осындай дұрыс емес реформа болды» деп, сіздің өзіңіздің қателеріңіз» дегендей айтады. Ойларымды айтуға әлбетте, құығым бар деп санаймын. Бірақ қазір жүйені енгізуде мәселелер бар. Денсаулық сақтау министрлігі көп шараларды қарастырып жатыр. Бірақ өкінішке қарай жақсы нәтижелер жоқ. Кейбірде қателер де бар. Саладағы мамандар проблемаларды да ашық әрі анық айтып, талқылауымыз керек. Тек мен ғана емес, бүкіл медицинаның реформасы. Дәрігерлер әсіресе, мекемелердің басшылары осы реформаны қолдайды. Маман ретінде мұны жақсы түсінеді, – дейді Біртанов.

«Жүйені тоқтатайық»

Еске сала кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Ринат Зайытов МӘМС қызметін уақытша тоқтатуды сұраған еді. Міндетті медициналық сақтандыру дұрыс жұмыс істемейді дейді депутат.

– Адам өліп жатыр ауылда. Жедел-жәрдем келмейді. Сақтандыруың жоқ деп ауылдарда дәрігерлер емдемейді. Осыны жүйелегенше, дайындап қалпына келтіріп алғанша тоқтата тұруды сұраймын. Өйткені мұның халыққа қатты зардабы тиіп жатыр, - деген болатын депутат.

Көп өтпей МӘМС қорының басшысы міндетін атқарушы Әбілқайыр Ысқақов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің кемшілігі жайлы депутаттың сынына жауап берген. 

Ысқақов ауылға медициналық көмек жетуі жағынан расында да проблема барын мойындады. “Қолжетімділік мәселесі бар. Қазір сыртта көргеніңізде (көрмеде) медициналық жылжымалы жеке техникасы бар. Бәрі ұйымдастыру қабілетіне байланысты” дейді ол.