Туризм және спорт вице-министр Мирас Төлебаев қазақстандықтар лотереядан ақша ұтқанын жарияға жар салғысы келмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бүкіл лотереялық өнімдердің ұтыс қоры, яғни, аударылған ұтыс көлемі 305 млрд теңге болды. Ал ұтыс операторларының жалпы ақша айналымы 356 млрд теңге болған. Бірақ біз азаматтардың ұтқаны туралы мәліметтерді жиі ести бермейміз. Өйткені лотерея жеңімпаздарының көбі, 90 пайызы деп айтуға болады, «инкогнито» мәртебесінде қалғанды жөн көріп, сұхбат бермейді. Фотосессиядан бас тартып, жариялықтан қашады. Ұтыс сомасы мен жеке дерегін жариялаған жағдайда сотқа беретіндерін айтып қорқытады», - деді ол ОҚК-да өткен брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, ұтысын алуға маска киіп, көзәйнек тағып келетін жайттар болған. Оның себебін вице-министр ұтыс иелерінің өз қауіпсіздігіне алаңдайтынын, қарыз сұраушылар көбейетінімен түсіндіреді.