Қырғызстанда тәуелсіз журналист Әли Ергешов ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі растады.
ІІМ мәліметінше, милиция оны 13 ақпанда Манас әуежайында адамның бет-жүзін анықтайтын камералардың көмегімен ұстаған.
Милициядан мәлім еткендей, Ергешовті ұстауға Жалалабад қалалық соты санкция берген. Іс 2023 жылы мамырда бұзақылық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іспен байланысты болып отыр.
Бұған дейін Әли Ергешов Instagram парақшасында өзін құқық қорғау орган қызметкерлері ұстағанын хабарлап, фото-видео жариялаған. Журналист ешқандай заң бұзбағанын айтып, істі кәсіби қызметімен байланыстырған.
Әли Ергешов – YouTube-тегі «Ел білсін» жобасының авторы. Ол қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық жағдай, мемлекеттік мекемелердегі халыққа қызмет көрсету сапасы, сонымен бірге азаматтардың түрлі заңсыздықтар туралы видеоларын жариялайды. Оның 130 мың көрермені бар.