Журналист, «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы Азамат Омаров әлеуметтік араздықты қоздыру ісі бойынша кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. 15 қыркүйекте Астанадағы сот Омаровпен жасалған процестік келісімді бекітіп, оны қамаудан босатты. Қазір журналист үйінде отыр. Бұл туралы Ulysmedia.kz-ке оның адвокаты Төлеген Шайықов мәлімдеді.
Сот қандай шешім шығарды?
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Омаровты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Оған пробациялық бақылау белгілене отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Омаровқа бес жыл бойы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Келісімді өзі ұсынған
Соттың мәліметінше, қылмыстық іс сотқа кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісіммен түскен. Келісімді Омаровтың өзі тергеу кезеңінде ұсынған.
Ол кінәсін толық мойындап, өкінген. Сотта да келісімді бекітуді сұраған.
Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін мойындағанын, өкінетінін, кәмелетке толмаған балалары бар екенін және жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың болмағанын ескерді.
Омаров не үшін сотталды?
Журналистке қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің араздықты қоздыру туралы 174-бабы бойынша қозғалған. 18 шілдеде ол қамауға алынған еді.
Қорғау тарапы журналистің қудалануын оның билік өкілдерін сынаған және сатиралық сипаттағы жарияланымдарымен байланыстырған. Омаровтың өзі кінәсін мойындамай, жарияланымдарының сатира мен әзілге негізделгенін айтқан.
Алайда процестік келісім жасалған кезде ол кінәсін мойындап, өзіне тағылған айыптармен келіскен.
Іс материалдарында не болды?
Қамауға алынардан аз уақыт бұрын Омаровтың YouTube-арнасынан «Обнуление + мечеть святого Нурсултана» атты шығарылым өшірілген.
Бұған авторлық құқықтың бұзылғаны туралы шағым себеп болғаны хабарланған.
Видеода журналист республикалық бас мешітке Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы шешімді сынап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімдерін «қайта есептеу» тақырыбына ирониямен тоқталған. Сондай-ақ Ресейдегі жанар-жағармай тапшылығы туралы айтып, жағдайды Қазақстандағы ахуалмен салыстырған.
Бұған дейін халықаралық «Шекарасыз репортерлер» ұйымы Қазақстан билігін Омаровқа тағылған айыптарды алып тастап, тәркіленген жабдықтарын қайтаруға үндеген. RSF журналистің ісін оның сатиралық роликтері және билік өкілдерін сынауымен байланыстырған.
Сол кезде бұрынғы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистің ұсталуына қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, іс сатираға немесе шенеуніктерді сынауға байланысты емес, араздықты қоздыру бабы бойынша тергелген.