"Үлкен жетілік" елдері Ресейден 16 ақпанда колонияда қайтыс болған ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың қайтыс болу жағдайларын түсіндіруді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
17 ақпанда G7 Сыртқы істер министрлері Италияның төрағалығымен өткен Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында кездесті.
Отырыс Навальныйды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Іс-шара барысында СІМ басшылары Ресей билігін қайтыс болған саясаткердің қайтыс болу жағдайларын ашуға, сондай-ақ саяси келіспеушілікті қудалауды, бостандықты жүйелі түрде басуды және азаматтық құқықтарды негізсіз шектеуді тоқтатуға шақырды.
"Олар (Министрлер-ред.) заңды саяси қызметі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі үшін әділетсіз сотталған Алексей Навальныйдың түрмеде отырғанына наразылықтарын білдірді. Олар Ресей билігінен оның өлімінің мән-жайын толық түсіндіруді талап етті", - деп хабарлады конференция қорытындысы бойынша Италия СІМ.
G7 елдері – Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания және АҚШ-тан тұратын бейресми халықаралық клуб.
Естеріңізге салсақ, 47 жастағы ресейлік саясаткер Алексей Навальныйды сот «экстремизм» бабымен былтыр 19 жылға соттап жіберді. 2022 жылдың наурыз айында 9 жылға сотталған ресейлік оппозиционер онсыз да жазасын түрмеде өтеп жатқан. Жемқорлыққа қарсы күрес қорын құрып, зерттеу-тергеуімен танымал саясаткер жайлы не белгілі?
2010 жылдарға дейін кәсіпкер, журналист қызметімен танымал Навальныйдың аты сол жылдардан бері шыға бастаған.
Саясаткердің Ресей билігімен тіресіп, партия құрғысы келіп, оны тіркей алмай, әуре-сарсаңға түскен жылдары бар. Сайлауға да түсті. Навальный мен Сыбайлас жемқорлықпен күрес қоры «Ресей қоғамдық бастамасы» сайттарында ресейлік шенеуніктердің жемқорлығы жайлы біршама материал жариялады.
2011-2018 жылдар аралығында Навальный 10 рет әкімшілік қамауға алынған. Жалпы, осы уақыт ішінде абақтыда 192 күн болған. Deutsche Welle хабарлауынша, Навальныйдың темір тордың ар жағында өткізген уақыты 2017 жылы күрт өсіп, 2018 жылы 80 күнді құрады. Навальный 2011-2019 жылдар аралығында 474 күн қамауға алынды (оның 232-сі арнайы тергеу изоляторында, 242-сі үйқамақта).
Әйтсе де, Навальныйға Ресей президенті «Путинге тісі батпайды» деген сыны жиі айтылатын. Бұл сынды саясаткер бертін Путиннің сарайы жайлы түсірген зерттеуімен ысырды.
2020 жылы 20 тамызда Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Алексей Навальныйдың жағдайы ұшақта күрт нашарлап, ол есінен танып қалған. Алғашында Омбы ауруханасына жатқызылған саясаткер екі күннен кейін Германиядағы клиникаға ауыстырылды.
2021 жылдың 17 қаңтарында Навальный Германиядан Ресейге оралды. Федералды қылмыстық атқару қызметінің жедел департаментінің іздеу бөлімінің қызметкерлері Мәскеудің Шереметьево әуежайында оны бірден ұстады. Федералды қылмыстық атқару қызметі Навальныйдың Ив Роше ісі бойынша сынақ мерзімін бұзуына және оған іздеу жарияланғанына байланысты ұсталғанын, осыған байланысты Навальный сот бұлтартпау шарасы шыққанға дейін қамауға алынатынын мәлімдеді.