×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Әкімдік Пенжім тұрғындарына басу айтуға Жандарбек Бұлғақовты шақырды

28.10.2021, 12:18
Коллаж: ulysmedia.kz

Панфилов ауданы Пенжім ауылында кеше түнде болған оқиғаға байланысты жиын өтіп жатыр. Сахнадағы микрофонға кезегімен келген қазақ және ұйғыр ұлтының өкілдері өз пікірін ортаға салды. Кезекпен сөз алғандардың бірі – ақын Жандарбек Бұлғақов. Ол оқиғаны естігеннен кейін бірден Пенжім ауылына келуді ұйғарғанын айтады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

««Бізде ондай жемқор жоқ», «бізде ондай тексіз жоқ», «бізде ондай дінсіз жоқ» деп бүкіл облыстың, республиканың көзінше өнердегі адвокат болып жүргеніме 20 жыл болды. Әкем 30 жыл бойы осы өңірдің намысын қорғаған. Сіздер оны жақсы білесіздер. Сондықтан бүгін сіздерге өз балаларыңыз ретінде келіп тұрмын. Қазір саяси адамсың немесе биліктің өкілі деп айыптарсыздар, мен халықтың адамы, баласы ретінде алдарыңызға келіп тұрмын», - деп сөзін бастады ақын.

Жандарбек Бұлғақов өз сөзінде Жаркент жері – қасиетті, қадірлі жер екенін, Желтоқсан оқиғасында опат болған Ербол Сыпатаев та, Ләззат Асанова да осы топырақта туғанын еске салды.

«300 жыл отар болған мемлекетімізді алаңға шығып тұрып, тәуелсіздікті алып берген сол марқұм кісілер еді. Биыл Ләззат Асанованың анасы өмірден қайтты. Біз тым болмаса сол кісілердің рухын сыйлайық. Екіншіден, біздің Жетісу жері, әсіресе Жаркент – біз қанға тойып болған халықпыз. Тарихи оқиғаларға да, шекарадағы Қорғас оқиғасына қарасаңыздар да, ертең Олимпиадаға барады, елдің маңдайындағы жұлдызын жағады деген балалардың пышақталып, өліп қалғанын талай мәрте көргенбіз. Білімнің додасынан осы бала бәйге алып келеді деген балаларды мектепте өліп қалғанын көргенбіз. Осы өңірге мен өнердің атпалдай азаматтарын алып келгенмін. Бәріне тамсанған адамдар кеше маған хабарласып «біз бармай-ақ қойсақ қайтеді» деп маған хабарласып жатыр. Шын мәнінде Қызылордадан, Нарынқолдан біз қазір атпен келейік, автобуспен келейік деп хабарласып жатыр. Бұл жанашырлық емес», - дейді ол.

Ақын сонымен қатар кез келген тойдың, қаралы күннің соңы болатынын айтып өтті.

«Біреудің әкесі, біреудің шешесі – біз қаламыз. Қираған үй, сынған терезе, өртенген мейрамхана – ал қаншама мамандар, адамдар сол жерде жұмыссыз қалады. Бір мейрамханының немесе бір техниканың істен шығуы – қаншама адамды жұмыссыз қалдыратынын сіздер елеп-ескеріңіздер. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, кеше ғана осы оқиғаны естіп келдік. Кеше жолда бір мәшіне бүктетіліп қалды. Екі азаматты ешкім таныған жоқ осы ауылдың азаматы екенін. Қайдан келгенін білмеймін. Анықталса анықталған шығар. Сол жерге жедел-жәрдемді шақыра қояйық десек, жедел жәрдем екі баланың төбелесінің мәселесімен айналысып жатыр. Анау жерде адам өлейін деп жатыр. Иә, болмаса 40 градус температурамен пандемияда карантин болып, үлкен аналарымыз бен әкелерімізге ауа жетпей қиналса не болмақ?! Біз мына жерде жедел жәрдемді басқа жұмыспен қамтамасыз етіп жатырмыз. Кешегі жол-көлік оқиғасының басы-қасында жүретін әртіп сақшыларының бәрі түн ұйқысын төрт бөліп, балалардың тәрбиесімен айналысуға мәжбүр», - дейді ол.

Жандарбек Бұлғақов халықты тәртіп сақтауға шақырды.

«Құрметті жерлестер! Заңға тоқтамасақ, мәдениет пен дәстүрге тоқтамасақ, адамзаттың абзалы болған, иісі мұсылманның баласы отыр ғой, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзіне тоқтаңыздар. Ол не дейді? «Қиямет күні жақындаған кезде өлтірген адам не үшін өлтіргенін, өлген адам не үшін өлгенін білмейді» дейді. Шын мәнінде сол заманды жақындатып жатырмыз. Жасы үлкен аталарымыз бен әжелеріміз онсыз да қамшымың сабындай қысқа өмірде қияметті жақындатпайық, құрметті ағайындар. Менің айтқым келгені осы. Қарашаңырақты сыйлайық. Біз ақсақалсыз, дінсіз ел емеспіз. Мен екі ел жайлы айтып жатырмын. Біз тексіз ел емеспіз. Әр нәрсенің жүйесі, киесі бар. Сондықтан жүйені, тәртіпті сақтауларыңызды сұраймын», - деп түйді сөзін ақын.

Еске сала кетсек кеше түнде әлеуметтік желіде Панфилов ауданындағы мектептердің бірінде оқушылардың төбелескені, оның ізінше түнде бір топ адамның көшеде жүргені туралы видео тарап жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаны «қазақ-ұйғыр қақтығысы» деген. Бұған дейін Алматы облысында оқушылар төбелесі жаппай тәртіпсіздікке әкелгенін хабарлаған болатынбыз.

Панфилов ауданы полиция бөлімінің бастығы Жандос Кавлиев осы оқиға бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.

Пенжімде өткен жиынды Азаттық радиосы тікелей эфирден таратты.

Серіктес жаңалықтары