×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Ұлттық компаниялар чартерлік рейстерге неге 1,6 млрд теңге шығындайды – депутат

28.02.2024, 12:56
Ұлттық компаниялар чартерлік рейстерге неге 1,6 млрд теңге шығындайды – депутат
Фото: Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов биыл Қазақстанда бюджет тапшылығы болу қауіп-қатері жоғары екенін айтып, бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейтінін мәлімдеді. Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бюджет тапшылығы 7,5 трлн теңге»

Депутаттың айтуынша, еліміздің биылғы шығыны – 24 трлн теңге. Оның 16,5 трлн теңгесі табысымыз, 3,6 трлн теңгені Ұлттық қордан алынады. 4 трлн теңге құнды қағаздарды шығарудан түсіп отыр. Яғни тапшылық 7,5 трлн. теңгені құрайды.

– Өз кезегінде, уәкілетті органдар «асықпай арбамен қоян аламыз» деп жүргенде, арбамыздың дөңгелегі сына ма деп қатты алаңдаймыз. Сөздің ашығын айтқанда, «бас жарылса бөрік ішінде» деп жүре беретін заман келмеске кеткен. Алдымен, квазисектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, қазынамызға  ең кемі 3 трлн. теңге түсіруге болады. Бұл бір. Екіншіден, квазисектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде  әлі де ашықтық жоқ. Сондай-ақ, ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер неге қажет? – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және олардың санын оңтайландыру керек. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша қолданылған салық жеңілдіктер сомасы 2022 жылы - 9,5 трлн. теңге болған. Бұл бюджетке түспеген қаржы. Басты кемшілікті депутат жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілгенінен көреді.

– Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны - 485. Бұл дегеніміз едәуір көп. Біз алдымен 30% қысқартсак, шамамен бюджетке 1,3 трлн.теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек болашақта 50%  жеткізуге болады. Расымен, кейбір салықтық жеңілдіктер тиімділіктерін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр. Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салықтан (НДС) босатылған. Бірақ, осы салықтан босату – дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасының түсуіне әсер етпеген. Осы ретте, мемлекет беретін жеңілдік іс жүзінде импорттаушылар мен сатушылардың коммерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ал бюджетке кіріс келтірмей отыр, - дейді ол.

Ұсыныстар

Осыған байланысты Жайымбетов келесі мәселелерді қарастыруды ұсынады. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктерге толық ревизия жасап, шетелдік тәжірбиені қарап, алдымен 30%-дан астамын қасқарту қажет дейді, Яғни, 150-ге жуық түрін қысқарту керек.

– Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіріп, квазисектордың таза пайдасын 100% бюджетке беру керек. Ұлттық компаниялардың, әсіресе Самұрық-Қазына қорындағы тендерлерді – бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік сатып алу Заңының қолданылу аясына ауыстыру қажет. Сонда ғана 100 пайыз ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ете аламыз, - дейді ол.