Жеті жылға сотталған Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев 1-наурызда Степногорск қаласының №4 түзету мекемесіне барып, оның жағдайына көз жеткізгенін айтты, деп жазады Ulysmedia.kz.
26 қаңтарда Марат Жыланбаевты Астана қаласындағы тергеу изоляторынан Степногорск қаласының №4 түзету мекемесіне ауыстырған.
Марат Жыланбаев үкімнің күші жойылғанға дейін ұзақмерзімдік аштық жариялап, кейін денсаулығы сыр беріп, аштықты тоқтатқан болатын. Атап айтсақ, іші өтіп, денесі құрысып, 12 қаңтарда аштықты тоқтатты.
“Марат Жыланбаевтың денсаулығы жақсарып келеді, іші өтуі тоқтаған. Тамақ, санитарлық мәселелерге қатысты шағымдары болған. Ішінара шешіліп жатыр. Толыққанды шешілуіне күш саламыз. Ол туған-туыстарына, қолдаушыларына сәлем айтуда”, – деді адвокаты.
Еске сала кетейік, Астана қаласының қалалық соты тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының көшбасшысы Марат Жыланбаев апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарған еді.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Марат Жыланбаевты былтыр қарашада жеті жылға соттаған еді. Белсендіге “тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты” және “терроризмді қаржыландырды” деген айыптар тағылған.