×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қымызымен аты шыққан Жаңарарқада жылқы қырылып жатыр

03.03.2024, 10:30
Қымызымен аты шыққан Жаңарарқада жылқы қырылып жатыр
Өміржан Көпбосыновтың парақшасынан

Жаңаарқалықтар "жұт" келді деп дабыл қағуда. Әлеуметтік желілерде аштан қырылған жылқылардың суреттері тарап кетті, деп жазады Ulysmedia.kz.

Танымал өнертанушы Ерлан Төлеутай өзінің Фейсбук парақшасында жерлестерінің жан қиналысымен бөлісті.

“Елде – Жаңаарқада жүрмін. Арқада, оның ішінде Жаңаарқа ауданында құлақ естіп, көз көрмеген (мен туғалы) жұт болып жатыр, ағайын. Кеше өзім өсіп, ержеткен Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылында болып, өз көзіммен көрдім, жылқы жарықтық қырылып жатыр, қырылмағаны әбден арып, тулаққа айналған.Түртіп қалсаң – құлағалы тұр. Құлағаны тұрмайды – пышаққа ілінеді. Биелер тегіс құлын тастаған. Тұтас үйірлер жоғалып, із-түссіз кеткен. Мал баққан, оның сүмесіне қарап отырған елдің еңсесі түсіңкі. Жем-шөп жетпейді. Жылқы қолға қараған соң – елдің шөбі түгесілуге таяу. Шөп бағасы шарықтап кеткен, тоннасы 120 мыңға жеткен! Бұған қайрат қылып жатқан өкімет жоқ. Естуімше, билік малдың жұтқа ұшырауын халықтың өзінен көруде. Халық өлген малын дәлелдей алмауда. Себебі, әр жылқы есепке алынып, чип салынуы керек екен, әр малды паспорттау керек көрінеді”, – деп жазды ол.

Мал ұстаған ағайын қолдау танытпай отырған Үкіметке қапалы.

“Үкіметтің позициясы – малдардыңды дұрыс бақпаған, жұтқа дайындалмаған өз обалдарың өздеріңе дегенге саяды. Баяғыда, Кеңес үкіметі кезінде мұндай ауыр қыстарда ел ішіне жоғарыдан уәкілдер шығып, мәселенің мән-жайын көзімен көрген соң, үкіметке баяндап, сонан соң төтенше жағдай жарияланып, жұт зардаптарын жоюға нақты шешімдер қабылданып, оны жүзеге асыруға арнайы құрылған арнайы штабтар жедел іске кірісетін. Бұған күллі республика жұмылдыратын, тіпті Темір жол, көлік қатынастары министрлігі облыстардан жем-шөп тасуға арнаулы вагондар мен жүк көліктерін бөлетін. Қазір мұның бірі жоқ. Үкімет өлмесең өмірем қап дегендей, тым-тырыс, үнсіз. Бұл жөнінен бұл 1929-32 жылдардағы ұлы ашаршылықта халық аштан қырылып жатқанда "Қазақстанда бәрі жақсы, тек Совет үкіметіне қарсы байлар малдардын әдейі қырып жатыр деп, Мәскеуге жалған ақпар жөнелтумен болған Голощекин басқарған үкіметтің сұрқиялығын еске түсіреді”, – дейді Е.Төлеутай.

Белгілі болғандай, мұндай ауыр жұт арқада 1968-1969 жылдары, ескіше Мешін мен Тауық жылдары болған. Айырмашылығы – 1968-1969 жылдардағы жұтта апталап боран соғып, 30-40 градустық аяздар бір ай бойы тұрып алған. Биылғы жұтта боран соңы жаңбырға оның соңы қатты аяздарға ұласқан. 

“Ел азаматтары, журналистер, Ұлытау облысына, әсіресе, Жаңаарқа ауданына Үкіметтің назарын аудартып, төтенше жағдай жариялауға күш-қайрат қылыңыздар! Биліктің айтқанына сенбеңіздер! Олар елдегі жағдайды бүркемелеп, жоғарыға нақты жағдайды баяндауға жүрексініп отырған сыңайлы”, – деді ол.