×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

Ауқатты қазақстандықтардың жәрдемақысы қысқарады: не белгілі?

Бүгін, 18:25
Ауқатты қазақстандықтардың жәрдемақысы қысқарады: не белгілі?
ОКҚ

Еңбек министрлігі мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін тағайындау тәртібін қайта қарамақ. Соның нәтижесінде ауқатты қазақстандықтарға кейбір төлемдер берілмеуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазір Қазақстанда бюджет есебінен жәрдемақының 39 түрі төленеді. Жаңа тәртіп бойынша оның 14 түрі отбасының нақты мұқтаждығы ескеріле отырып тағайындалады.

Өзгеріс Цифрлық отбасы картасында «А» және «В» санатына кіретін азаматтарға ғана қатысты болады. Бұлар - тұрмысы жоғары және ауқатты отбасылар.

Қандай төлемдер өзгереді?

Тізімге бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге арналған төлем, көпбалалы отбасыларға және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы кіреді. Бұл ретте зейнеткерлерге қатысты төлемдер өзгермейді.

Сондай-ақ, мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға берілетін төлемдер қайта қаралады.

Мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы да осы тәртіпке енеді. Бірақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға бұл өзгеріс қолданылмайды.

Асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер де қайта қаралады. Бұл ретте ата-анасынан толық айырылған балаларға берілетін жәрдемақы сақталады.

Жерлеуге берілетін төлем де жаңа тәртіппен қарастырылатын болады.

Сонымен қатар жаңа талап соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына берілетін арнайы жәрдемақыларға да қатысты болады.

«Халық Қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы бар азаматтарға төленетін жәрдемақылар да осы тізімге енгізілген.

Бұл қалай жүзеге асады?

Әр төлем жеке-жеке қаралады.

Бір жәрдемақының сақталуы қалған төлемдердің де автомат түрде беріле береді деген сөз емес.

— Егер бірінші топтағы мүгедектігі бар адам мүгедектік бойынша жәрдемақы алып жүрсе, бұл төлем сақталады. Ал егер оның басқа төлемге, мысалы, бала тууына байланысты жәрдемақы алуға құқығы туындаса, ол отбасының мұқтаждығы ескеріле отырып тағайындалады, — деп түсіндірді Еңбек министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, өзгерістің мақсаты - әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау.

Контекст

Бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қазақстандық ата-аналарға бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны рәсімдеудегі маңызды талапты еске салған еді.

Өтініш бала туған күннен бастап 18 ай ішінде берілуі керек.

Осы мерзім өтіп кеткеннен кейін төлем алу мүмкін болмайды.

2026 жылы бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге, ал төртінші және одан кейінгі әр балаға 272 475 теңге төленеді.