Өзбекстанда Наманган облысындағы бес жасар қызға қатысты оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. 52 жастағы мемлекеттік балабақшаның шаруашылық меңгерушісі баланы зорлады деген күдікке ілінді. Ер адам қамауға алынды. Оқиға жария болғаннан кейін билік мұндай қылмыстар үшін жазаны күшейту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Болған жағдайды баланың анасы айтып берген.
Қызының сөзінше, ер адам оған балмұздақ сатып алып беріп, құшақтап сүйген. Ал бұл туралы ешкімге айтпау үшін сыйлық беремін деп уәде еткен.
Кейін қыз анасына болған жағдайдың өзге де жайттарын айтып берген.
Оқиғадан кейін бала үркек болып қалған.
- Қызым қорқып жүр. Ол: «Мен балабақшаға бармаймын, ол жерде мені тағы көрпеге жатқызып, қинайды» дейді. Менің қалайтыным біреу ғана - қызым үшін шындық анықталса екен, – деп Gazeta.uz зардап шеккен баланың анасының сөзін келтіреді.
Балабақшадағы бейнебақылау камералары дәл сол уақытта жұмыс істемеген.
Қыздың анасы камералар әдейі өшірілген болуы мүмкін деп есептейді.
Әйелдің айтуынша, қылмыстық іс қозғалғаннан кейін күдіктінің туыстары оны арызын қайтарып алуға көндіруге тырысқан.
Оның орнына материалдық көмек, оның ішінде үйін жөндеуге ақша ұсынғаны айтылады.
Дау президент әкімшілігіне дейін жетті
Оқиғаға Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева да пікір білдірді.
Ол болған жайтты сұмдық деп атап, мұндай қылмыстар үшін, өзінің пікірінше, өлім жазасы қолданылуы керек екенін айтты.
Қазір Өзбекстанда мұндай жаза жоқ.
Мирзиёеваның айтуынша, билік заңнаманы қатаңдату жөнінде ұсыныстар әзірлеп жатыр.
Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі арнайы жұмыс тобын құрды.
Бұдан бөлек, осы даудан кейін елдегі мемлекеттік балабақшалардың қызметкерлерін тексеру басталды.
Бұған дейін Жамбыл облысында үш жасөспірім қызды зорлады деген айыпқа ілінгені хабарланған еді.