×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

Тоқаевтың сынынан кейін әскердегі тәртіп қалай өзгермек?

Бүгін, 18:07
Тоқаевтың сынынан кейін әскердегі тәртіп қалай өзгермек?
gov.kz

Жаңа қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов қызметке тағайындалғаннан кейін алғашқы кеңесін өткізді. Ол Каспийдегі қайғылы оқиғадан 14 әскери қызметші қаза тауып, Қорғаныс министрлігі қатаң сынға ұшырағаннан кейін әскерде қандай өзгерістер жасалатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қорғаныс министрлігі нақты нәтиже бермейтін есептер мен жиындардың санын қысқартпақ.

Әкімшілік рәсімдердің бір бөлігі цифрлық форматқа көшіріледі. Осылайша үнемделген уақытты әскери қызметшілер жауынгерлік даярлыққа жұмсауға тиіс.

Оқу-жаттығу тәсілдері де өзгереді.

Сарбаздар мен офицерлерді даярлау кезінде қазіргі қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескеру тапсырылды.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарына көбірек көңіл бөлінеді. Әскери қызметшілер радиоэлектрондық күрес, барлау және байланыс құралдарын қолдануға да машықтанатын болады.

Айдос Мырзахметов бөлімшелердің нақты жауынгерлік міндеттерді орындауға дайын болуы керегін айтты.

- Армия есеп үшін немесе көзбояушылық шаралар үшін дамымауы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс нақты нәтиже беріп, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуға тиіс. Әр сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек, - деді министр.

Әскер қаржыны қайда жұмсайтыны тексеріледі

Өзгерістер әскери сатып алу саласын да қамтиды.

Мырзахметов сатып алу кезінде әскерге және әскери қызметшілерді даярлауға шынымен қажет дүниелерге басымдық беруді тапсырды.

Қорғаныс министрлігі негізсіз шығындардан бас тартпақ.

Бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанына бақылау күшейтіледі.

Сатып алу мен ресурстарды бөлуге қатысты шешімдер ашық болуға тиіс.

Министр командирлерден әскери қызметшілердің қандай жағдайда қызмет атқарып жүргеніне жеке жауапкершілікпен қарауды талап етті.

Ведомство әскердегі жарғыға қайшы қарым-қатынастарға да қатаң тосқауыл қою қажет екенін мәлімдеді.

Контекст

Бұл өзгерістер Қорғаныс министрлігінде жүріп жатқан ауқымды тексеру аясында қолға алынбақ.

Тексеру Тоқаевтың тапсырмасымен Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін басталған.

Комиссия әскери қызметтің қалай ұйымдастырылғанын, сарбаздардың немен қамтамасыз етілетінін және министрлікте бюджет қаржысының қалай жұмсалатынын тексеріп жатыр.

Бұған дейін президент армиядағы жағдайды қатаң сынға алған еді.

Ол Қарулы күштердің «өткен ғасырда қалып қойғанын» айтып, бейбіт уақытта сарбаздардың қаза табуын «генералдарды қоса алғанда, офицерлердің қылмыстық сипаттағы кәсіби біліксіздігімен» байланыстырған.

Қайғылы оқиғадан кейін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен кетті. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Енді Қауіпсіздік кеңесі мен Қорғаныс министрлігі әскери реформа жоспарын әзірлеуге тиіс.

Оларға бұл үшін он күн берілген.

Ұсыныстарды қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қарау жоспарланып отыр.