×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Қамауға алынған Сандуғаш Тұрлыбекованың балалары Тоқаевтан көмек сұрады

09.03.2024, 11:20
Жеке парақшасынан

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында көпбалалы Сандуғаш Тұрлыбекованың қамауға алынғаны туралы ақпарат тарап, халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қоғамды елең еткізген болатын, деп жазады Ulysmedia.kz.

Белсенділігімен байланысты ма

Аталмыш фактіге қатысты Қызылорда облысы полиция департаменті мәлімдеме жасады.

«Аталған дерек бойынша Қызылорда облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатыр» деп қысқа қайырды ведомстводан. 

Кейін белгілі болғандай, көпбалалы жалғызбасты ана, белсенді 40 жастағы Сандуғаш Тұрлыбековаға "екі адамды бопсалады" деген айып тағылды.

Тұрлыбекованың балалары айыпты мойындамайтынын, ұстауды белсенділігімен байланыстырғанын мәлімдеп, мемлекет басшысы Тоқаевтан көмек сұрады.

Тергеу изоляторында отыр

Естеріңізге салсақ, 6 наурыз кешке Тұрлыбекова үйіне полиция келгенін, есігін бұзуға әрекет етіп жатқанын айтып, Facebook парақшасында тікелей эфирге шықты. Көп өтпей әлеуметтік желіде оның екі қолынан екі полицей ұстап тұрған фото тарады.

Белсендінің туыстары полиция Тұрлыбекованың тұрғын үйіне тінту жүргізгенін айтады. Ал Тұрлыбекованың қызы Шакизат Олжабай анасын ұстауға "дәлел және негіз жоқ" деп санайды.

"6 наурыз сіңлімнің туған күні еді. Үйде сіңлім, інім үшеуі болған. Кешке 20 шақты полицей үйге келіп, есікті сындырған. Осы кезде анам 3 жасар інімді құшақтап тұрған. Ана мен баланы айырып, інім мен сіңлімді далаға күштеп шығарған. Анамды 3 сағат бір бөлмеге қамады да, аудандық полиция бөліміне алып кетті. Адвокатты 7 наурыз түстен кейін ғана кіргізді. Біз – бес баламыз. Не істеу керек, білмейміз. Інім “Мамамды полиция әкетті” деп жылап жүр. Оны қалай жұбатарымызды білмей отырмыз. Анамның кінәсі жоқ, дәлел жоқ. Меніңше, бұл қолдан ұйымдастырылған іс. Қазақстанда белсенділерді қамау қалыпты жағдайға айналды. Қазақстандықтардан араша сұраймын" дейді белсендінің қызы “Азаттыққа” берген сұхбатында.

Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тұрлыбекова Қылмыстық кодекстің "Қорқытып алу" бабымен күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалған.

Полиция департаменті оған "әлеуметтік желіде екі адамның жеке өмірін масқаралайтын ақпарат таратып, оны өшіру үшін ақша бопсалады" деген айып тағылғанын, "бұлтартпас дәлелдер бар" екенін хабарлады.

Қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлы өзінің Фейсбук парақшасында бұл мәселеге қатысты пікірін білдіріп, іс бойынша ақпараттармен бөлісуде.

“Жаңақорған аудандық тергеу соты бес баланың анасы Сандуғаш Тұрлыбекованы екі айға қамауға алуға шешім шығарды.

Сандуғаштың қызының каспий голдына біреу 100-мың теңге салған, арада бір сағат өткенде тағы да біреу 500-мың жіберген. Сөйтіп екеуі де арызданған. Артынша Сандуғашты ұстауға келген. Қолдан ұйымдастырып отырғанын көрмей қалатындай соқыр емеспіз. Сандуғаш Жаңақорғандағы жер мәселесін көтергені үшін баз-біреулер оны тұқыртып алуды көздеп отырғаны анық”, – деді ол.

“Ханның қызысыз ба?”...

Сандуғаш Тұрлыбекова 2020 жылдың 16 шілдесінде Жаңақорған кентінің ауруханаларын аралап жүрген Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың алдынан шығып, "Ханның қызысыз ба?" деп төтесінен сауал қойып, жол жабылудың себебін сұрап, түсірген видеосын әлеуметтік желіде жарияланған еді.

Видеода Тұрлыбекова мініп келе жатқан микроавтобусты жол полициясы "әкім жүреді" деп жібермей тұрғаны көрінеді. "Әрі қарай жаяу кетуге мәжбүр болдым" деген Тұрлыбекова аурухана алдынан облыс әкімін көріп, "жолды жапқызатындай ханның қызы ма едіңіз?" деп сауал қояды.

Белсендіге жүре жауап берген Әбдіхалықова кейін арнайы видео таратып, өзінің де, аудан әкімінің де, аудандық ішкі істер бөлімінің де жолды жапқызбағанын айтып, учаскелік полицияға кінә артқан.

Облыс әкімі мен белсендінің диалогы әлеуметтік желіде кең тарап, түрлі пікір туғызды. Тұрлыбекова осыдан кейін аудан әкімдігі мен аудан прокуратурасы шақырып, қысым жасауға тырысып жатқанын әлеуметтік желіде хабарлап жүрді.

Серіктес жаңалықтары