Есіл өзенінен 56 жастағы ер адамның мәйіті шығарылды. Кейінгі бірнеше аптада мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Ulysmedia.kz тілшісіне Астана полиция департаменті оқиғаның мән-жайын хабарлады.
Полиция түсініктемесі
Қаза тапқан адам Астана тұрғыны болған. Қазір тергеушілер оның қандай жағдайда суға түскенін анықтап жатыр.
– Есіл өзенінен ер адамның мәйіті табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері марқұмның жеке басын анықтады. Ол – 56 жастағы Астана тұрғыны. Зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі редакцияға.
Марқұмның неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз.
Контекст
Кейінгі бірнеше аптада Есіл өзенінен адам мәйіті табылған тағы бір жағдай тіркелген. 30 қазанда өзеннен 54 жастағы ер адамның денесі шығарылды.
Ол кезде де полиция зорлық-зомбылық белгілерін анықтамаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.