×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«ҚазМұнайГазбен келісем»: Сәтқалиев Қазақстанның Ресей «қызыққан» МӨЗ-дері жайлы

26.03.2024, 11:35
«ҚазМұнайГазбен келісем»: Сәтқалиев Қазақстанның Ресей «қызыққан» МӨЗ-дері жайлы
Коллаж: ulysmedia.kz.

Энергетика министрінің айтуынша, оған Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары сатылатыны жөнінде ешкім хат жолдамаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Нақты сатып алушылар туралы айтар болсақ, мұндай келісімді мақұлдау жөнінде ешбір орган энергетика министрлігіне жүгінген емес. Сол себепті мен бұл тұрғыда ҚазМұнайГаз-дың жауабымен келісемін. Қандай да бір коммерциялық келісімдер туралы айту әлі ерте, – дейді Алмасадам Сәтқалиев.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда шетелдік 50 пайыздық үлесі бар Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Оның жартысы қытайлық CNPC компаниясына тиесілі. Жекелеген шағын мұнай өңдеу зауыттары да бар. 

– Энергетика министрлігі үшін меншік құқығынан бұрын басқарудың тиімділігі, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы, тұрақты жұмыс басымдыққа ие, – деген министр басқа сұрақтар ҚазМұнайГазға қойылуы керектігін айтады.

Журналистер мұнай өңдеу зауыттары қашан жекешелендірілуі мүмкін деп сұраған. Сәтқалиев ҚМГ-ның өзі де жеке компания саналатынын, ІРО арқасында акционерлердің қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

– Жеке зауыттардың жекешелендірілуі туралы айтар болсақ, бұл жерде кәсіпорынға тиімді коммерциялық шарттар болса, инвестиция жағынан мемлекеттік бағдарламалар болса, сол жаққа маңыз беру керек, – дейді Сәтқалиев. 

ҚазМұнайГаз не деді

Ulysmedia.kz дереккөздері бұған дейін АМӨЗ сатып алуға "Лукойл" компаниясы қызығушылық танытса, Павлодар мұнай-химия зауытын сатып алу туралы "Газпром" басшылығы ойланып отырғанын хабарлаған еді.

"Argus Каспий нарығы" басылымы салалық дереккөздерге сілтеме жасай отырып, мемлекет алдағы екі жылда Атырау және Павлодар МӨЗ-ін жекешелендіруді жоспарлап отырғанын жазады.

"2025 жылы бірыңғай энергетикалық нарық болады. МӨЗ-ді жекешелендіру сәл ертерек. ЖЭО-ны жекешелендіру инвестордың ҚДБ-дан әрдайым ақша ала алатынын, сәйкесінше асықпайтынын көрсетті", - деп топшылайды Ulysmedia.kz. дереккөздері.

Алайда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жекешелендіруге қатысты тараған ақпаратты жоққа шығарған.

Ulysmedia.kz бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында кім кіммен күресіп жатқаны жөнінде сұраққа жауап іздеген болатын. Ол жерден Ғалымжан Жусанбаевтың кеткеннен кейін үлкен дау туындаған еді.

Бұдан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жусанбаев "мені қызметтен заңсыз босатты" деп, дау-дамайдағы өз нұсқасын жария ету үшін Астанада журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді. Ол мұнай өңдеу зауытының бас директоры ретінде бір айдан астам уақыт қана жұмыс істеген.