Қасиетті Рамазан айының аяқталуына он күн қалды. Оразаның соңғы 10 күнін қалай өткізген абзалырақ? Соңғы он күн өзіңізге есеп беруге және болашағыңызға жоспар құруға мүмкіндік, деп жазады Ulysmedia.kz тілшісі ҚМДБ-ге сілтеме жасап.
Оразаның соңғы он күнінде жомарттық таныту өте маңызды. Бұл – рамазан айының маңызды сүннеті, себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы уақытта ерекше жомартық танытқаны белгілі. Имам ән-Науауи: "Рамазан айында жомарттық таныту қажет, әісресе, соңғы он түні. Осылайша біз Алла елшіснің сүннетін орындаған боламыз. Сонымен қатар, қасиетті айда жасалған амалдардың сауабы еселеніп жазылады. Бұл айда көпшілік құлшылыққа көп мән беріп жатқан кезде кейбір мұқтаж жандарға көмек қажет болуы мүмкін",- деген.
Рамазан айының аяғында көпшілігіміз шаршаңқырап қаламыз. Бәлкім, бұл әлсіздікке себеп болған режимнің бұзылуы мен аштық сезімдері болар. Қалай болғанда да, біздің ықыласымыз әлсірейді, бірақ оған жол беруге болмайды.
Айт күніне екі-үш күн қалғанда, тіпті бір апта қалғанда азық-түлік тізімін жасауды бастаймыз. Бұл жақсы. Дегенмен, ең бастысы аспаздық шабытымыз шегінен шығып кетпеуін қадағалаған жөн.
Рамазан айының басында алдыңызға мақсат қойғаныңыз белгілі: Құран оқуды бастау, нәпіл намаздар оқу, уәдеге берік болу, күнде ата-анаңызға хабарласу және т.б. Егер Рамазан айында мақсатыңызға жетудің қадамын жасамаған болсаңыз, қасиетті айдың берекеті бізді тастап кетпей тұрып, соңғы он күнінде бастаңыз.
Осы он күн ішінде жасырынған Қадір түні мен ораза айт мерекелеріне ықылас қойып дайындалыңыз. Мұнда айт күні тойып ас жеуді емес, оразаны аман-есен толығымен өтеп шығуға, мол сауапқа кенелуге дұға етіңіз.