×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«АрселорМиттал Теміртау» банкрот бола жаздапты

05.04.2024, 13:25
Коллаж Ulysmedia

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясын қазақстандық инвесторға беру - ірі мәмілелердің бірі екені даусыз. Осы мәміле қалай және қандай жағдайда жасалды, бұл сұраққа жаңа инвестор «QARMET» АҚ ресми өкілі Талғат Темірханов жауап берді. 24 kz телеарнасына берген сұхбатында ол жаңа қожайын қарызға белшесінен батқан, құрал-жабдықтары әбден тозған металлургиялық кәсіпорынды алғанын атап өтті. «Qarmet» АҚ жүргізген аудит AMT қызметі табыс әкелмейтінін және осы кезге дейін жасанды түрде «жоқты бар жасап» келгенін көрсетті», - деп атап өтті спикер. Сондай-ақ Ulysmedia.kz компанияның сегіз шахтасының тек үшеуі ғана жұмыс істегенін, металл өндіру үшін жетіспейтін шикізатты өзге жеткізушілерден сатып алғанын анықтады.

Темірхановтың айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» қоймаларындағы шикізат қоры кәсіпорынның бір апта бойы тұрақты жұмыс істеуіне әрең жетеді. Кәсіпорын қазақстандық компаниялардан металл сатып алуды да айтарлықтай азайтқан. Ел ішінде сұраныс аз болғандықтан, өнім шетелге сатылып, ел тұрғындары сол металдан өндірілген бұйымды шетелден кері сатып алған.

Бұрынғы гүлденген кәсіпорынның шетелдік инвестор басқарған кезеңіндегі қиын қаржылық жағдайын АМТ-ның жеткізушілер алдындағы өсіп келе жатқан сыртқы қарызы қиындата түскен. «Qarmet» АҚ ресми өкілінің айтуынша, мұндай жағдайда компания банкроттықтың алдында тұрған.

«Ол кезде, өкінішке қарай, бәріміз ашулы едік (Қазақстан қоғамын айтып отыр. – Ред.), 30 жыл бойы шетелдік инвестордың экология, өнеркәсіптік қауіпсіздік тұрғысынан атқарған жұмысын объективті бағалауға, комбинаттың құлдырауына не себеп болғанын бағамдауға мүмкіндігіміз болған жоқ. Осындай бай тарихы бар комбинаттың қандай жағдайға тап болғанын 8 желтоқсанда, кәсіпорын ресми түрде бізге берілгеннен кейін ғана көріп жатырмыз. Жаңа инвестор бірден AMT қызметін тексеруге кірісті, нәтижесінде орасан зор кемшіліктер анықталды», - дейді «Qarmet» АҚ ресми өкілі.

«АрселорМиттал Теміртауда» ірі ұрлық фактілері анықталды. Тергеу қазір қылмыстық схемалардың қалай жұмыс істегенін анықтап жатыр. Тергеу материалдары бойынша жалпы 60-тан астам қылмыстық іс қозғалды.

Комбинат төңірегінде ұйымдасқан қылмыстық топтар құрылған. Оның ішінде әлемдік компаниялар да бар. Мұның бәрі сайып келгенде комбинат жұмысына орасан зор соққы болған. Ұрлық, тіпті, көзді бақырайтып қойып жасалған десек болады. Комбинаттың топ-менеджерлері осындай келеңсіздіктерге жол берген. Біз бұл фактілердің барлығын білеміз. Оның үстіне, ол кезде кәсіпорын металл өндіруде өзінің шикізатымен қамтамасыз ете алмады, соның кесірінен бәрі тауардың өзіндік құнына әсер етті.

Ұрлықтың көкесі кен сақтау базасында болған. Біздің есебімізше, 46 мың тонна лом жетіспейді, қоймаларда көп мөлшерде темір кені концентраты жоқ. Міне, біз кәсіпорынды осындай жағдайда алдық және қиын жағдайда жұмыс істеуге тура келді. Біз ол жұмыстарды орындап жатырмыз», - дейді Темірханов сұхбатта.

Отандық инвестор комбинатты басқаруды қолға алғаннан кейін 100 күннің қорытындысы бойынша өндірістік бөлімшенің жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Қойма қоры айтарлықтай толықты, өнім түрлерін көбейту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ қазіргі заманғы мониторинг және кеншілердің қауіпсіздік жүйесін енгізу бойынша қолданыстағы жабдықтарға техникалық аудит жүргізіліп, халықаралық тәжірибе зерделенеді. «Qarmet» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде компанияның жеткізушілер алдындағы қарызының жартысы өтелген.

Серіктес жаңалықтары