Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынына қатысты облыс тұрғындарына үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құрметті жерлестер! Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі. Облыс орталығына үлкен су келе жатыр. Қиын сәтте ел басшылығы бізге қолдау білдіруде. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыста жұмыс сапарымен екі рет Премьер-Министр Олжас Абайұлы Бектенов болды. Қазір облыста Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Васильевич Скляр тасқынға қарсы жұмыстарға басшылық етуде. Тұрғындардың өмірін сақтау - біздің басты міндет, - деді Нұрмұхамбетов.
Бұған дейін бірінші вице-министр Роман Скляр Петропавл қаласы маңындағы аймақтар тұрғындарын мәжбүрлі түрде эвакуациялауды тапсырғанын жазған болатынбыз.
Мен әкімдікке, полиция департаментіне және ТЖД-не тұрғындарды мәжбүрлі түрде эвакуциялауды бастауға тапсырма беремін. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Ешкім зардап шекпеуі қажет. Ойда жоқта су келіп қалса, жағдай мүлдем басқаша болады. Бұған жол бермеуіміз қажет, — деді ол.