×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Депутат Жезқазған мыс өндіру кәсіпорнына Қаныш Сәтбаевтың атын беруді ұсынды

12.04.2024, 10:14
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Жезқазған мыс өндіру кәсіпорнына әйгілі ғалым, геолог Қаныш Сәтбаевтың атын беру жөнінде бастама көтерді. Ғалымның туғанына бүгін 125 жыл толып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қаныш Сәтбаевтың бүгін туған күні

– Биыл қазақ даласының ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Қаныш Сәтбаев тұңғыш кәсіби тау-кен инженері, ғалым, геолог, тұңғыш академик. Сондықтан, ұлы ғалымның есімі қазақ халқының тарихында алтын әріптермен жазылған. Ой-өрісі кең, ғылыми қызметті шебер ұйымдастырған адам ретінде Сәтбаевтың ұлылығы еліміздің интелектуалы еліміздің ғылыми дамуына бағыт берді. Еліміздің бүгінгі инновациялық және ғылыми әлеуетінің іргетасын қалады, – дейді ол.

Ерболат Сатыбалдин 1927 жылы жас маман инженер ретінде Қарсақбай кенішінде бастағанын, кейін үлкен Жезқазғанның ашылуына, Қазақстанда түсті металлургия өндірісіне бастау болғанын айтады. Депутат оның қаламгер болғанын да, әдеби, тарихи ғылымға да еңбегі сіңгенін еске алады.

– Еліміздің түрлі-түсті металлургиясының флагманына айналған Жезқазған мыс өндіру кәсіпорнына атаулы мерейтойға орай академиктің атын беру тарихи әділдік болар еді деп ойлаймын. Тәуелсіз Қазақстанның өнеркәсібін өркендетуге үлес қосып, осындай өндіріс алабының алғашқы ұйымдастырушысы болған Қаныш Сәтбаевты ұмытпау керек, – дейді Сатыбалдин.

Қаныш Сәтбаев жайлы

Қаныш (Ғабдулғани) Имантайұлы Сәтбаев (12 сәуір 1899 – 31қаңтар 1964) – көрнекті геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚазКСР ҒА ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, КСРО ҒА академигі. 1899 жылы 12 сәуірде Семей губерниясы Павлодар уезіндегі Ақкелін болысының № 4 ауылында (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы) дүниеге келген. 

Ол Қазақстандағы ғылыми және техникалық дамудың көшбасшысы болды. Қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы, Шығыс елдерінің ғалымдары арасында ғылым мен техника саласындағы КСРО алғашқы академигі, КСРО мемлекеттік сыйлығының және Қазақстандағы Ленин сыйлығының бірінші иегері болды.

Жезқазған-Ұлытау ауданының жер қойнауын барлауы үшін Ленин орденімен марапатталды (1940). 1942 жылы геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. «Жезқазған ауданының кен орындары» еңбегі үшін екінші дәрежелі Сталин сыйлығына ие болды (1942). КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі (1943). «Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» (1943). Тыл ресурстарын жұмылдыруға қосқан үлесі үшін екінші Ленин ордені мен ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды (1945). Қазақстан ҒА тың және тыңайған жерлерді игеруге қосқан үлесі үшін үшінші Ленин орденін алды (1957). Орталық Қазақстанның кешенді металлогеникалық болжамдық карталарын әзірлеуі үшін Ленин сыйлығын жеңіп алды (1958). Қазақстанның геологиялық ғылымын дамытуға және пайдалы қазбаларды зерттеуге сіңірген еңбегі үшін төртінші Ленин орденімен марапатталды (1963).

1924 жылы 25 жасында ғалым қазақ орта мектептерінің оқушылары үшін араб графикасында «Алгебра» оқулығын дайындады, бұл кітап математикалық білім берудің негізін қалады.

Оның есімі бүгінде ғылыми институттарда, университеттерде және көшелерде мәңгілікке қалдырылған.

Қаныш Сәтбаевтың туған күні 12 сәуір Қазақстанда Ғылым қызметкерлерінің күні ретінде бекітілген.

Серіктес жаңалықтары