×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Қиналған еліме барымды беруге даярмын»: белсенді көлігін тасқыннан зардап шеккен халыққа бермек

16.04.2024, 14:47
«Қиналған еліме барымды беруге даярмын»: белсенді көлігін тасқыннан зардап шеккен халыққа бермек
Коллаж: ulysmedia.kz.

«Тәуекел» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов автокөлігін тасқыннан зардап шеккен халыққа көмек ретінде бермек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақбозатты еліме қайтарсам ба деп едім

– Ағайын, бір шешімге келдім, мына ел сыйлаған көлікті сатып, пұлын тасқыннан зардап шеккен халыққа көмек ретінде бермекпін! Су тасқыны басталғалы, қолымнан ештеңе келмегеніне ішім ашып жүр. Үйінен, көлігінен, малынан тірідей айырылып жатқан халықты көріп өзімді қоярға жер таппай есім шықты. Тіпті санамды тұрмыс билеп, мына қол созым жердегі Қызылжарға да пайдамның тигені шамалы. Әттең, миллиондап тұрып бере ем, бірақ жомарттың қолын жоқ байлайды демекші, жағдайымды бәріңіз білесің. Сонымен не керек, халық үшін малыңды қия алмасаң, жаныңды қиямын дегенің өтірік деген принціпіммен осы ел сыйлаған ақбозатты осы бір жолмен еліме қайтарсам ба деп едім. Бастан құлақ садаға! Басымыз аман болса, бұтқа тұлпар табылар, – деп жазды Бурахан Дақанов.

Белсенді көлікті тез арада сатып, түскен ақшаны "TAUEKEL" ұйымының атынан тасқыннан зардап шеккен Қызылжар жұртына көмек ретінде аударғалы отыр.

– Теріскей бізге аманат дегенде сондаймыз, теріскейдің жұрты қиналып үйсіз күйсіз қалып жатқанда атқа мініп жүргенім жараспас! Қысқасы бала шағамнан кейінгі менің бар байлығым, осы көлік қана. Тасқыннан жапа шеккен халқым үшін сол барымды беруге даярмын. Үй менікі болса үйді де сатып жіберер ем, бірақ үй үкіметтікі. Жалпы, бәз біреулер байлығының оннан бірін беріп жатыр екен, мен онның онын, керек болса минусқа да кіріп беремін! – дейді ол.

Бурахан Дақанов кәсіпкер азаматтар болса — мына қасиетті көлікті алып қалыңыздар деп сұрады.

– Бұл көлікпен 30 мың км жүріп, Теріскейдің түкпір түкпірін араладым. Көптеген көшіп келушілердің өздерін, жүгін тіпті екі үш рет қойын да жеткізіп бердім. Балшыққа батқан, қарға батқан талай адамның батасын алған көлік бұл. Тықылдап тұр. 2020 жылғы Ниссан х трейл. Рестайлинг. 2. Пробегң 120 мың км. Көлікті, еңбегіме деп сыйлаған Нурымбек ТауСырымбек Тау ағаларым ренжімес, қайта бұл ниетімді қолдайды деген ойдамын. Ертеңдері қалаға жетіп, бір жылқыны құрбандыққа шалсақ қалай болады? Қосылам деген азаматтар жекеме жазсын. Ал ағайын, барынша қолдап, таратып жіберулеріңізді сұраймын. "TAUEKEL". Теріскей бізге аманат, – дейді ол.

Әлеуметтік желіде белсендінің бұл әрекетін қолдамай, “көлікті бекер сатып жатырсың” деп пікір қалдырып жатқандар бар. Алайда Дақанов шешім қабылданып қойғанын айтып, керісінше жұртшылықтан көлікті тезірек сатып, ақшасын халыққа аударуға көмектесуді сұрайды. 

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген. Солтүстік Қазақстанда су өзеннен тасып,  облыс орталығының бірнеше ауданын су басты.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.