×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Қазақстандағы су тасқыны: Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова 1,2 млрд теңге бөлді

22.04.2024, 15:46
Фото: facebook.com/rakishevkenes

Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 1,2 млрд теңге жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Сәби» қоры тұрақты түрде қайырымдылық жасап келеді

Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев пен «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова 20 жылдан астам уақыт жүйелі және тұрақты негізде қайырымдылық шараларын жүргізіп, Қазақстанның барлық аймақтарында жаңа мектептер мен әлеуметтік мекемелерді, балаларға арналған ойын қалашықтары мен спорт алаңдарын, Робототехника орталықтарын және жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған ауруханаларды салып келеді.

Еліміздің көптеген өңірі су тасқыны аймағында қалып, халық зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бас қосқан осы қиын кезеңде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген вектор бойынша меценаттар да шет қалмай, су тасқынынан зардап шеккен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге 1 млрд теңге аударды.

Табиғи апатқа тап болған барша қазақстандықтарға өз қолдауымызды білдіреміз. Бір елде тұрып жатқан соң қайғымыз да ортақ. Менің туған жерім Атырау облысының аудандары да су басу аймағында болды. Жағдайды ұдайы бақылап, апаттың ауқымын түсіне отырып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын қалпына келтіруге 1,2 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдадық.

Сондай-ақ 9 миллион теңгені Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің оқушылары қайырымдылық жәрмеңкеде жинады.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, біз ортақ күш-жігермен ең қиын жағдайдың да шешілетініне, табиғат апатының тез арада сейіліп, жаңа үйлер бой көтеріп, еліміз бұдан да нығайып, бірлігі арта түсетініне шын жүректен сенеміз, - дейді «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова.

Жаңа мектептер, спорттық ойын кешендерін салды

Айта кетейік, «Сәби» қайырымдылық қорын 2002 жылы ерлі-зайыптылар Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова құрған.

Қор 22 жыл қызмет еткен уақыт ішінде медицина, білім, мәдениет және спорт салаларында 10-нан астам жүйелі республикалық жобаларды жүзеге асырды.

«Сәби» қайырымдылық қоры Ақтау, Атырау, Семей, Петропавл және Алматы қалаларында жоғары технологиялық жедел балалар хирургиясы бөлімшелерін ашты, Астана мен Алматының халық тығыз орналасқан аудандарында қалаға жаңа мектептер салып, сыйға тартты, 14 облыста спорттық ойын кешендерін ашты.

Қазақстанның барлық аймақтарында «Инватакси» қызметі ұйымдастырылып, мемлекет меншігіне өтті, Қызылорда мен Ақтөбеде жетім балаларға арналған мамандандырылған мекемелер салынды, Қазақстанның бірқатар облысында робототехника орталықтары ашылды.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.

Серіктес жаңалықтары