Сондай-ақ 110-нан астам бизнес субъектісі де өтінім берген деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі бес мыңнан астам қазақстандық су тасқынынан зардап шегуі салдарынан несиесін кейінге шегеруге өтінім берген деп мәлімдеді.
Өтеу мерзімі ұзартылуы мүмкін
Өтелмеген несиесі бар азаматтар мен кәсіпкерлерге банктер мен микроқаржы ұйымдары 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі аралықта берешекті өтеу мерзімін ұзартуды қарастыруда.
“Бұл аралықта зардап шеккендерге айыппұлдар салынбайтын болады. Аймақ әкімдіктері 5 мыңнан аса азаматтың және 110-нан аса бизнес субъектілерінің тізімін жасаған.” - деп мәлімдеді ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
1 қыркүйекке дейін сақталады
Зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына әлеуметтік төлемдер бекітілген мерзімнен бұрын беріліп жатыр. Мұндай режим биылғы 1 қыркүйекке дейін сақталады. Ал мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру мен бірінші кварталда атаулы әлеуметтік көмекті алып жүргендер үшін қайта тағайындау мерзімдері 1 шілдеге дейін автоматты түрде ұзартылған.
“Эвакуациялық орталықтарда болған 4 мыңнан аса бала сауықтыру лагерлеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейлерінің интернаттарына орналастырылды. Бұған қосымша 4 мыңнан аса орынға резерв дайындалды.”- делінген ҚР Үкіметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, зардап шеккен 6 аймақтағы түлектер үшін ұлттық бірыңғай тест бөлек кестемен өткізілмек.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.