Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Мұнайлы ауданы прокурорының бұрынғы орынбасары Талғат Даутбаевқа қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қайта қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бірінші үкім
Іс-материалдарына сәйкес, Талғат Даутбаев Ақтаудағы мемлекеттік кірістер басқармасының орынбасары Марат Болатты кафеде ұрып-соғып өлтірген.
Бастапқыда Даутбаевқа ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру).
Кейін мемлекеттік айыптаушы жарыссөзде тағылған айыпты өзгертті және прокуратураның бұрынғы қызметкерін ҚР ҚК 104-бабының 1-бөлігі бойынша (Абайсызда өлім жасау) қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұрады.
Сот осы үкіммен Даутбаевты 1,5 жылға бас бостандығын шектеу үкімін шығарған.
Апелляциялық сот алқасының шешімі
Сот отырысының бейнежазбасынан сот жәбірленушінің айыптауды өзгертуге қатысты ұстанымын анықтаған жоқ. Сот жарыссөздерінде жәбірленуші жаза белгілеу жағынан прокурормен келіспеді.
Сонымен қатар, прокурор айыптаудың жаңа дәлелді тұжырымдамасын заң талап еткендей жазбаша түрде ұсынған жоқ.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды. Оған Даутбаев ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
«Досымды өлтіріп кетті»
Осы жағдай жайлы әлеуметтік желіге Айдын Қазыбек жазған еді.
– Досымды өлтіріп кетті! Салтанат! Қоғам көңіл аудару үшін, менің досымның аты Салтанат болу керек па еді? Өлім. Қылмыс. Сот. 1,5 жыл шартты жаза! Расы керек, күттік! Соттың шешімін күттік. Осыдан 3 ай бұрын досымды өлтіріп кетті. Алматыдан Маңғыстауға жұмыс бабымен ауысқан еді. Білімді, әке шешесі, жақындары үміт артқан бала. Бар жоғы 1 жылда, Ақтау қаласының САЛЫҚ департаментінің 1 орынбасары лауазымына тағайындалды. 2023 жылдың 1 желтоқсан өзім жеке қоңырау шалып құттықтаған едім. Араға 9 күн салып досымды өлтіріп кетті. Жақындары араласпаумызды сұрады. Үндемедік. Президент әкімшілігі бақылауда ұстып тұр деді. Үндемедік. Күттік, – дейді ол.
Жақында соттың шешімі шыққан. Ұрып, адам өлтірген адамға 1,5 жылдық шартты жаза берген.