Степногорскіде прокуратура әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспана кезегіне қою барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Тексеру кезінде тізімде қайтыс болған адамдардың, қаладан әлдеқашан көшіп кеткендердің және өз баспанасы бар азаматтардың әлі де тұрғаны белгілі болды.
Жалпы баспана кезегінде 1 095 адам болған.
Прокуратура тоғыз қайтыс болған азаматтың 2023 жылдан бері тізімнен шығарылмағанын анықтады.
Сонымен қатар, Степногорскіден көшіп кеткен және кезекте тұруға негізі қалмаған 14 адам белгілі болды.
Кезекте өз атында жылжымайтын мүлкі бар азаматтар да болған.
Тексеруден кейін олардың барлығы тізімнен шығарылды.
Бос тұрған пәтер кезекте тұрғандарға берілмеген
Тағы бір заңбұзушылық босап қалған пәтерге қатысты анықталды. Баспана күтіп жүргендер көп болғанына қарамастан, пәтер ұзақ уақыт бойы бос тұрған.
Прокуратура араласқаннан кейін бұл пәтер кезекте тұрған азаматтар арасында бөлу үшін тиісті органдарға берілді.
Анықталған заңбұзушылықтар үшін бір лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.