×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Соңғы сөз: Бишімбаев пен Байжанов соттан не сұрады

06.05.2024, 13:26
Соңғы сөз: Бишімбаев пен Байжанов соттан не сұрады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бүгін сотта айыпталушы Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов соңғы сөзін сөйледі. Бұл процес басталғалы ең қысқа отырыс болды әрі небәрі 20 минутқа созылды.

Басты сотталушы – бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің соңғы сөзінде Құдайды, оның сынағы жайлы айтып, Геббельстің (енді бірі Гитлердің дейді) сөзін келтіріп, алқа билерден әділетті шешім шығаруды сұрады. Ulysmedia.kz тілшісі бүгінгі сот залында болып, соңғы сөз айтылған процесті бақылап қайтты.

Құдайдың сынағынан өте алмадым...

Бүкіл процес кезінде қағазға қарамаған Бишімбаев бұл жолы айтар сөзін жазып әкеліпті. Анда-санда өзінің жазбаша мәтінінен қарамай да сөйледі.

Ол жәбірленуші тараптан тағы да кешірім сұрады, өкінетінін айтты. Содан кейін сотты алқабилердің қатысуымен өткізуді неге сұраған түсіндіруге тырысты.

– Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында маған деген ашу-ызаны ояту, істің мән-жайын бұрмалау, мені, менің отбасымды жамандау акциялары жүргізілгенін ескере отырып, кез келген алқа бидің маған деген алдын-ала позициясы айқындалуы мүмкін екенін түсіндім. Соған қарамастан, мен және менің қорғаушыларым БАҚ-қа ашық сотқа және алқабилердің қатысған дұрыс деген шешім қабылдадық. Мен өзім үшін бір ғана маңызды мақсатты көздедім – сол қайғылы кеш жацлы және біздің Салтанатпен қарым-қатынасымыз туралы кем дегенде он адамға шындықты жеткізгім келді. Кем дегенде он адамға бәрін айтқым келді, - деді ол.

Сотталушы бұдан кейін құдіретті күшке сенетінін, бірақ жұбайы өлген күні Құдайдың сынағынан өте алмайтынын атап өтті.

– Бәріміз осынау жер бетінде сынақтан өтіп келе жатырмыз. Егер сіздер құдіретті күшке, Құдайға сенсеңіздер әрі мен де сенетін болсам, онда біз оны қаласақ та, қаламасақ та, ол бізді сынайтынын білеміз. Біз күн сайын оның сынағынан өтеміз. Сол күні, сол түні мен сынақтан өте алмадым. Өз бойымдағы бүкіл жақсы қасиетті, адамдардың бойындағы ізгі қасиет атаулыны қорлап алдым, - деп ол  тағы да жұбайының өліміне кінәлі деп санайтынын, бірақ қасақана өлтірмегенін айтты.

Бишімбаев ата-анасынан, туыстарынан, достары мен балаларынан да кешірім сұрады.

– Менің қателіктерім олардың кәрілігіне көлеңке түсірді, олардың өміріне ұят, қайғы, қорқыныш әкелді. Олар еш кінәлі емес. Бұл менің кінәм әрі менің мойнымдағы жүк. Мен ешқашан ешкімнің өлгенін қалаған емеспін. Қаламаймын да. Ешқашан, бір сәтте де, сол кеште де - мен жұбайыма өлім тілеген емеспін, - дейді Бишімбаев.

Күмәнді сарапшы?

Сотталушы өзінің соңғы сөзінде сарапшы Тахир Халимназаровты тағы түйреп өтті. Алқа билерді сол сарапшы туралы интернеттегі мақалаларды оқуға шақырды. Бишімбаевтың пікірінше, ол өзінің "күмәнді сараптамаларымен" танымал.

– Оның сараптамасын объективті және сенімді деп санауға бола ма? Оның үстіне, сол қорытындыны қаңтар айында бір-ақ күнде жасаған, - деді Бишімбаев.

Ол сот отырысында тек бір сарапшыдан жауап алынғанына қынжылатынын айтып, басқа сарапшыларды сөйлетуге мүмкіндік бермеді деп айтып өтті..

– Олардың пікірі тыңдалмады, демек, айыптауда жәбірленуші тарап қасақана өлтірді деген нұсқаны негізді түрде жоққа шығарады деп қатты алаңдады, - деді сотталушы.

"Өтірік неғұрлым қорқынышты болса, соғұрлым оған сендіру де оңай"

Сондай-ақ, экс-министр әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында оның жеке басын жамандау үшін бүкіл науқан жүріп жатқанына, оған деген өшпенділік күшейгеніне тоқталды.

- Ашық өтірік айтылды. Егер сіздерге бұрын көзі ағып кеткені (Салтанаттың) жайлы өтірік айтылса, кейін мен бір баланы көлікпен қағып кеткенім жайлы тағы айтылды. Мұның бәрі өтірік. «Айтқым келмеген айтайын: тызыншы жылдары нацистік Германияда пропоганда министрі деген болған. Соның "біздің өтірік сұмдық болған сайын оған халық сендіру оңай" деген сөзі бар. Менің де ісімде солай: өтірік сұмдық болған сайын адамдардың соған сенуі оңай», - дейді ол.

Ол сондай-ақ жәбірленуші тараптың адвокаты Игорь Вранчевтің сөздеріне назар аударды.

- Мұнда, тіпті сотта да, Вранчев менің бұрынғы мемлекеттік лауазымдарым, мен атқарған кейбір лауазымдарым үшін маған деген әлеуметтік араздықты оятуға тырысты. Бірақ мені бұл үшін соттамайды. Мұның бәрі сіздің ашуыңызды оятып, объективтіліктен ауытқу үшін айтылды, - деп есептейді Бишімбаев.

Мен шынайы сот шешіміне лайықпын

– Мен ашық боламын: менің шынайылыққа деген жалғыз үмітім – сіздер. Өз-өзіңізге сұрақ қойып көріңіз: егер бұл бұрынғы министр емес, басқа қарапайым азамат Бишімбаев болса, өтірік көп болар ма еді, әлеуметтік желілерде қорлау көп болар ма еді, бұл адамды осындай ауыр қылмыс үшін айыптаған болар ма еді? Осындай күмәнді дәлелдер бойынша маған тағылған айыптарға сенімді бола аласыз ба және ұзақ мерзімге соттай аласыз ба? Сіз өзіңіздің жақындарыңыз үшін осындай сотты қалайсыз ба? Сіздерден сұрайтыным – объективті болыңыздар. Әлеуметтік желілердегі үгіт-насихатқа бой алдырмаңыздар. Мен Салтанаттың өліміне қатыстым, оның өліміне кінәлімін, мен бұған жауап беруге дайынмын. Мен кінәлімін, бірақ қасақана өлтірмедім, - деді ол.

Байжановтың соңғы сөзі

– Маған қарсы жаңа айыптауда “Байжанов жасаған қылмысының ашылып қалатынын біліп, дәлелдерді жасырып, мейрамхананы жауып, қызметкерлерді қайтарып, видеожазбаны жойып, телефонды алып жүрді” делінген. Иә, мейрамхана жабылғанын мен ешқашан жасырған емеспін. Қызметкерлер иә, қайтарылды, мен видеофайлдарды жоюды тапсырдым. Телефонды әкелді, киім-кешегін әкелді. Оның бәрі айтылды. Ол аз десеңіз, соның бәрі кім арқылы қашан жасалғанын бәрін жасырмай айттым. Бірақ мен сол кезде ауыр қылмыс жасалғанын білдім бе? Мен ант етемін – білмедім. Егер білгенде осы әрекеттердің бірде-бірін жасамас едім, 

Мен түсінбек түгілі соның бәрі қылмыстың бетін жасыру екенін білмедім де. Егер мен шынында да, ауыр қылмысты саналы түрде жасыруға шешім қабылдасам, мен өзімді қорғамас едім, өз-өзімді кешірмес едім. Үкім шығармас бұрын “мен мұның бәрін алдын ала білдім бе?” деген сұраққа жауап іздеп көруді өтінемін. Өйткені тергеушілер де, прокурорлар да бұл сұраққа жауап бермеді. Үміт тек сіздерде (алқа билерге қарата). Салтанаттың туған-туыстарынан тағы да кешірім сұраймын. Жатқан жері жайлы болсын, – деп аяқтады Байжанов сөзін.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.