Оқу-ағарту министрі өңірлердегі психологиялық қызметтердің жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қайда және не айтылды?
Оқу-ағарту министрлігі Павлодар және Жамбыл облыстарындағы оқыс оқиғалар бүгін облыс әкімдерінің орынбасарлары, полиция департаменттері, білім басқармалары, аумақтық департаменттер мен ведомстволық бағынысты ұйым басшыларының қатысуымен өткен балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне арналған шұғыл кеңесте талқыланғанын .
Өз баяндамасында балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова өткен жылдың басынан бастап министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру ұйымдарын техникалық қауіпсіздік құралдарымен жарақтандыру бойынша жан-жақты жұмыс атқарғанын атап өткен. Нормативтік-құқықтық актілер, балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспар және буллингке қарсы бағдарлама қабылданған.
Министр не дейді
Осыған дейін мектептерде психологиялық-педагогикалық жұмысты күшейту туралы мәселе бірнеше рет көтерілді, бірақ бұл жағымсыз жағдайлар жергілікті атқарушы органдардың тарапынан жіберілген олқылықтарды көрсетіп берді. Оқиға орын алған мектептердегі және жалпы білім беру ұйымдарындағы жағдай мен қабылданған шаралар туралы Павлодар және Жамбыл облысы әкімдерінің орынбасарлары ақпарат берді. Оқу-ағарту министрі психологиялық қызметтердің жұмысын күшейтудің және қалған сегіз өңірде оны ашуды жеделдетудің маңыздылығын атап өтеді.
«Тағы да қайталаймын, балалардың қауіпсіздігі - біздің ортақ міндетіміз. Жағдайды біржақты бағалауға болмайды. Қазір өңірлердегі психологиялық қызметтердің жұмысын институционалды түрде күшейту қажет. Білім беру ұйымдарына мамандандырылған сапалы күзет қызметін қою керек. Балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жұмыстарын нәтижелі жүргізу маңызды», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Ведомство басшысы мектепішілік бақылауды күшейтуге және әрбір мектепке учаскелік инспекторларды бекіту мәселесіне жеке тоқталды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті аумақтық департаменттермен бірлесіп білім ошақтарында мектепішілік есепке алуды және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді сапалы қамтамасыз етуі қажет.
Павлодардағы оқиға
Бұған дейін Павлодарда оқушы сыныптасы мен мұғаліміне пышақпен тап берген еді. Павлодар облысының полициясы мектеп оқушысы сыныптасына, сондай-ақ мұғаліміне пышақпен жарақат салғанын хабарлады. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облысындағы оқиға
Мектеп оқушыларына қатысты қылмыстар елде бұдан бұрын да тіркелген. Биыл 2 мамырда Жамбыл облысында оқушыны дәретханада ұрып өлтіргені белгілі болды.