Ұлытау облысында инженерлік желілерді салуға 4,8 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. Үкімет қаражатты Жезқазған қаласының батыс ауданындағы жаңа шағын ауданға кәріз желілерін, магистральдық су құбыры мен магистральдық жылу желісін салу үшін бағыттайды.
"Қажетті инженерлік коммуникацияларды уақтылы төсеу барлық жоспарланған нысандардың толық іске қосылуын қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, жалпы Ұлытау облысында коммуналдық желілердің тозуын азайту және қайта құру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр", — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін резервтен 2,4 млрд теңгеден астам қаражат Риддердің жылу желілерін күрделі жөндеуге бөлінген болатын. Үкіметтің мәліметінше, тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін жөндеу жұмыстары әлі жеткіліксіз.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов резервтен Кентау, Риддер және Қызылорда жылу көздерін реконструкциялауға және күрделі жөндеуге қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойғаны хабарланды. Жалпы сомасы шамамен 16 млрд теңгені құрайды.
Сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық аясында 2024 жылы Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногорск, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларында 10 энергия блогын, 55 қазандық пен 45 турбинаны жөндеу жоспарланған.