×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанда мемлекет қызметкерлеріне қазақ тілін білу талабы қашан қойылады

14.06.2024, 15:26
Қазақстанда мемлекет қызметкерлеріне қазақ тілін білу талабы қашан қойылады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанда қазір мемлекеттік қызметке тұру барысында қазақ тілін білу заңнамалық тұрғыда міндеттелмеген. Ендеше, міндеттеу жоспарда бар ма? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолмановқа қойды.

Гәп Конституцияда ма?

– Біріншіден, біздің Ата заңымыздың екі бабына тоқталып кетейік. 14-ші және 33-ші бап. Бұл баптарда мемлекеттік қызметке кіруде бәріне тең мүмкіндік беріледі. Екіншісінде, ешкімді тіліне, дініне, ділі, ұлтына қарай кемсітуге болмайтыны жазылған. Осы орайда мемлекеттік қызметке кіруде қазақ тілінің тесті кіргізілген. Бірақ оның шекті мәні белгіленбеген. Мемлекеттік қызметке кірерде үміткер осы тестті тапсырады. Бірақ оның нәтижесін конкурстық комиссия тек кеңес беру ретінде қарайды. Бірақ шекті мәні жоқ, – дейді ол Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Мемлекеттік қызметші жұмыс бабында хаттарды, құжаттарды қараған кезде мемлекеттік тілде рәсімдейді. Академияға түскенде де тапсырады.

– Бұл мәселе, иә, көптен бері көтеріліп, талқыланып жатыр. Оны біз агенттіктің ішінде де қалай шешуге болатынын талқылап жатырмыз, - дейді ол.

Ол тесттің қажеті қанша?

Егер қазақ тілінен тесттің нәтижесі тек кеңес сипатында ұсынылса, оған қаражат шығары, оны өткізудің қаншалықты қажеттілігі бар? Бұл сұраққа жауап берген Азамат Жолманов мәселе агенттіктің ішінде пысықталып жатқанын айтады.

– Қазір жаңа іріктеу жүйесінде үміткер жеңімпаз ретінде жиынтық балмен анықталады. Бүкіл кезеңде тапсырып, алынған балдармен анықталады. Яғни, комиссия шешімі ескі жүйедегідей ултимативті түрде қабылдамайды. Комиссия өз балын қояды, бірақ жиынтық балмен анықталады. Сондықтан, қазақ тілінің мәселесін пысықтап жатырмыз. Ал қолданыстағы жүйеге келер болсақ, иә, ол кезде комиссия қарайды. Бірақ бұл тест біздің базамызға енгізілген. Оған мемлекет бюджетінен тиісті қаражат бөлінбейді. Ол – қолда бар тест, - дейді ол.

Азамат Жолманов алдағы бір-екі жылда агенттіктің ішіндегі талқының нәтижесі көрінетінін айтады.

Тұжырымдама

Мемлекеттік қызметке тұру барысында азаматтарға қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тест тапсыру міндеттелуі мүмкін екені былтыр айтылған еді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасында айтылған.

«Мемлекеттік қызметшілер мен қызмет көрсету органдарына, т.б қызметкерлерге қызметке тұру барысында «Қазтест» жүйесі арқылы тест тапсыру заңнамалық тұрғыда міндеттелмеген. Аталған мәселені қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу арқылы шешу қажет етіледі», – делінген министрліктің Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжымырымдасында.

Алайда бұл бастаманың іске асыру мерзімі хабарланбаған.

«Қазтест» – Қазақстан азаматтарының және республика аумағында әртүрлі қызмет түрлерімен айналысатын шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі. Ол халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің қағидаттары мен талаптарына негізделген.