Швейцариядағы Украина саммитінің қорытынды декларациясына 92 елдің 80-і қол қойды. Құжатты төрт ұйым да қолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кімдер қолдап, кімдер қолдамады
Құжатты қолдаған қатысушы елдер арасында Украина, АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Грузия, Финляндия, Молдова, Польша, Венгрия, Словакия, Сербия, Аргентина, сондай-ақ Еуропарламент бар.
Құжатқа қол қоймағандардың қатарына Сауд Арабиясы, Тайланд, Үндістан, Мексика, Оңтүстік Африка, БАӘ, Армения, Ливия, Индонезия, Бахрейн, Колумбия, сондай-ақ БҰҰ мен Рим папасының өкілдері кіреді.
Құжатта не делінген
Декларацияда Украинада жан-жақты, әділ әрі берік бейбітшілікке қол жеткізудің негізі - БҰҰ жарғысы және "аумақтық тұтастық пен егемендікті құрметтеу” бола алады делінген.
Коммюникенің толық мәтінін Украина президентінің кеңсесі жариялады. Онда Ресей басып алған Запорожье атом электр станциясын Украинаның толық бақылауына қайтару, Украинаға азық-түліктің үздіксіз өндірісі мен жеткізілуін қамтамасыз ету, Қара және Азов теңіздеріндегі теңіз порттарына толық қолжетімділікті қамтамасыз ету, барлық әскери тұтқындарды босату, барлық депортацияланған украин балаларын және басқа да бірқатар пункттерді қайтару туралы үндеу бар.
Сондай-ақ, құжат қазіргі соғыста ядролық қарудың кез келген қауіп-қатерін немесе қолданылуын, сондай-ақ азаматтық порттарға шабуыл жасауды және азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа әрекеттерге жол берілмейді делінген.
Саммит
Украина бойынша Бейбітшілік саммиті 15-16 маусымда Швейцарияда өтті. Ол Киевтің бастамасымен Украинаның "бейбітшілік формуласын” талқылау үшін ұйымдастырылды. Конференцияға 160-тан астам ел шақырылды, алайда 92-сі ғана қатысты. Ресей саммитке шақырылмады. Саммитке Қазақстаннан да ешкім қатысқан жоқ.