Жамбыл облыстық полиция департаменті мердігер ұйымның үстінен қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желілерге тараған видеоларда Lexus RX300 көлігінің шұңқырға құлаған сәті көрсетілген. Көлікті бір отбасы мүшелері, оның ішінде балалар да болған. Оқиғаны видеоға түсірген әйел жол белгісі болмағанын, сол себепті көлік иесі байқамай, шұңқырға құлап түскенін айтады.
– Мына кісілер бізді құтқарып қалды. Ешқандай белгі жоқ. Біз де түсіп кете жаздадық. Анау баланың жағдайы масқара болып жатыр, – дейді видеоға түсірген әйел.
ІІМ не дейді
Ulysmedia.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне хабарласқан. Жауап Жамбыл облыстық полиция департаментінен келді. Департамент “жол белгісі болмады” деген нұсқаны жоққа шығарады.
Полиция қызметкерлері мердігер ұйымға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Жамбыл облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, тергеуге дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр.
– Жүргізуші жол белгілерін елемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – делінген хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші, оның әйелі және кәмелетке толмаған екі баласы зардап шеккен.