Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шегірткемен күреске биыл қанша қаражат бөлінгенні айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ешбір ауылға кіріп кеткен жоқ
Мәжіліс кулуарында Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан “биыл шегірткеден келген шығын қанша болды?” деп сұралған. Министр осы мәселе бойынша өзім бүкіл облысты аралап жүргенін айтады.
– Шегіртке былтыр 1,5 млн га жерге таралса, былтыр препаратты уақытында алмағанның салдарынан биыл 2,5 млн га аумаққа көбейіп кетті. Күзде зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде 2,5 млн ге жерге препарат керектігін түсіндік. Бірақ бекітілген бюджетте 4,2 млрд теңге ғана ақша болды. Осы мәселеде премьер-министр бізді қолдап, тағы 3,9 млрд теңге берді. Сондықтан, қаражат пен препарат жеткілікті, – дейді Сапаров.
Қазір шегірткемен күреске 427 техника,36 ұшақ, 36 дельтаплан жұмылдырылған. Сапаров “бір ауылға кіріп кетті” дегендей жағдай болған жоқ дейді.
Шегірткелер де үйреніп алады
Министрдің сөзінше, шегірткелер жыл да шашылатын бір препаратқа үйреніп алады. Сондықтан, препарат та ауыстырылған. Қазір де шашылған препараттардың арқасында шегірткенің 90 пайызы қырылып жатыр.
– Қазақстанда шегірткеден тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзбекстан жақтан қауіп болған. Оларға хат жаздық. Министрмен сөйлестік. Жұмыс істей бастады. Шекараны бекіттік. Ал Ақтөбе жаққа мені премьер-министр мені жіберді. Ресей жақпен сөйлестік. Орынбор облысынан бізге көше бастады (шегіртке). Оларда техника, авиация жұмыс істеген жоқ. Сондықтан, олар бүгінгі таңда техниканы күшейтіп жатыр. Үш-төрт күнде олар қатты кірісіп кетті, – дейді Сапаров.
Айдарбек Сапаров “шегірткеден келген шығын жоқ” дейді. Оны есептейтін әдістеменің де жоқтығын айтады. Ал оларды улауға еуропалық препараттар қолданылып жатыр.