Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны кезінде көмектескен және үнсіз қалған олигархтар жайлы пікірін білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Президент су тасқыны кезінде көмектескен кәсіпкер жайлы сөз қозғағанда көмектескендерге алғыс айтып, қалыс қалғандар кім екенін жақсы білеміз деді. Бұл сөзі нені білдіреді? Қалыс қалған кәсіпкерлер мемлекеттен алып келген көмек, қолдауларынан қағыла ма? Ал көмектескендер қандай да бір міндеттемелерден босатылып, қосымша жеңілдіктерге ие болуы мүмкін бе? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі Қанат Бозымбаевтан.
Жауап
Бұл сұраққа жауап берген Қанат Бозымбаев көмектескен кәсіпкерлерге өткен аптада президент алғысын білдіргенін айтты.
– Олардың фамилиялары мына жерде бар. Үлкен дәрежеде президенттің алғысы болды. Менің ойымша, бұл кісілер, демеушілер қаражатты марапат үшін беріп отырған жоқ. Тек біздің халқымызды аяп, “қандай көмек көрсете аламыз” деп, таза оймен осы қаражатты бөліп отыр. Мен бұл кісілердің бәрімен 100 пайыз байланыстамын. Өздері келіп, қай өңірде қанша пәтер сатып аламыз деп қадағалап жүр. “Сапасы қандай болады, қандай үйледі саламыз” деп жүр. Бұл кісілерді тек мақтау керек, – дейді ол.
Қанат Бозымбаев қалыс қалғандар өздері білсін дейді.
– Бізге көмектесе ме, көмектеспей ме… Халық үніне құлақ асатын мемлекет. Кейбіреулердің құлағы естиді, кейбіреулеріннің құлағы естімейді, – дейді ол.
Бозымбаев көмектескен кәсіпкерлерге ешқандай артықшылық берілмейтінін, оларға “асарға” араласқанын айтады. Сонымен бірге, Бозымбаев көп қаражат бөлген кәсіпкерлер қаражатын қадағалап отырғанын айтады.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.