Түрмеде жазасын өтеп жүрген қыз-жігіттерге де жоғары оқу орнына түсуге квота бөлейік. Еліміздің адам құқықтары жөніндегі уәкілі ғылым және жоғары білім министріне осындай ұсыныспен шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Биыл алғаш рет сотталғандарды Алматыдағы екі университетте оқшаулау жағдайында оқыту жоспарланып отыр. Алайда оқу ақысы қымбат, жазасын өтеушілердің қалтасы көтермейді. Оларға квота бөлу керек деп есептейді Артур Ластаев. Уәкіл сотты болғандарды оқытсақ, қылмысқа қайта бармайды, қоғамда өз орнын тауып, тез бейімделіп кетеді деген пікірде. Ғылым және жоғары білім министрлігінде бұл ұсыныс қаралып жатыр. Саясат Нұрбек әуелі абақтыда отырған жастарды ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыстыру жайын тексеріп көрмек.
“Былтыр біз пилот режимде бірнеше колонияда ҰБТ-ны ұйымдастырдық. Техникалық жағынан, ұйымдастыру жағынан қиын. Бірақ сол пилотқа бардық. Биыл осы мәселені қарастырамыз. Уәкіл арнайы квотаны сұрап отыр. Ол квотаны қарастыруымыз керек, ұйымдастыру сұрақтары оңай емес. Заңды тұрғыдан шектеу жоқ. Бірақ мәселені пысықтап, толық ақпаратты кейінірек береміз,”- деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Бұған дейін
Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық жоғары оқу орындары қашаннан бастап құжат қабылдайтыны туралы күнтізбе жариялаған еді.
Ведомство құжат қабылдаудың қашан басталатынын және емтихандар қашан өтетінін мәлімдеді:
ЖОО-ға құжаттарды қабылдау 20 маусым – 25 тамыз;
"педагогикалық ғылымдар" және "денсаулық сақтауға" түсушілер үшін арнайы емтихандар өткізу 20 маусым – 20 тамыз;
шығармашылық емтихандарға қатысу үшін өтініштер қабылдау 20 маусым – 10 тамыз;
шығармашылық емтихандардың өткізілуі 7 шілде –15 тамыз;
білім беру гранттары конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау 13 – 20 шілде;
грант иегерлерінің тізімін жариялау 10 тамызға дейін.