Сотталған супермарафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының төрағасы Марат Жыланбаев 10 күннен бері аштық жариялап жатыр. Бұл ақпаратты Ulysmedia.kz порталы тілшісіне оның адвокаты Мейіржан Досқараев растады.
Адвокаты не дейді
– 26 маусым күні Степногорсктегі №4 түзету мекемесінде өзімнің қорғауымдағы Марат Жыланбаевпен кездестім. Ол 2024 жылдың 21 маусымынан бері аштық жариялаған. Себебі, оны қауіпсіз орын бағдарламасы бойынша өзін қорқытқан басқа сотталушылармен қақтығысқа келгені үшін 20 маусымда режимді бұзушыларға арналған тәртіптік изоляторға жеткізген. Аштыққа дейін оның салмағы 68,4 келі еді. 25 маусымда 65,3 келі болды. Күніне 1 келі салмақ тастап жатыр, – дейді Мейіржан Досқараев.
Адвокат тәртіктік изоляторда тазалық мүлде сақталмайтынын, еден шіріп, астында су жатқанын айтады. Камера, тіпті төсектің өзі дымқыл.
– Бірақ басшылық ешқандай шара қабылдамайды. Дүйсенбіден бастап оны Бас прокуратураның екі өкілі қабылдаған. Жыланбаев өзін басқа жерге, атап айтқанда санитарлық бөлімге ауыстыруды талап еткен. Бірақ мәселе әлі шешілмеді, – дейді ол.
Адвокаттың айтуынша, адам құқығы жөніндегі уәкіл Ластаевтың келуін талап етіп, 15 маусымнан бастап мекеме алаңында плакатпен жүргендіктен, оның ережені бұзғаны жөнінде мекеме қызметкерлері хаттамаға қол қоюды талап еткен.
– Марат бәріңізге сәлем айтып жатыр. Ол күресін жалғастырмақ ниетте. Аштықты санэпидстанция келгеннен кейін ғана тоқтатпақ, – дейді Мейіржан Досқараев.
Жыланбаевқа шыққан үкім
Еске сала кетейік, Астана қаласының қалалық соты тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының көшбасшысы Марат Жыланбаев апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарған еді. Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Марат Жыланбаевты былтыр қарашада жеті жылға соттаған еді. Белсендіге “тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты” және “терроризмді қаржыландырды” деген айыптар тағылған.
Былтыр қарашада тіркелмеген “Ел тірегі” партиясының жетекшісі, бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев 10 жылға сотталды.
Ал Думан Мұхаммедкәрім 2023 жылдың маусымынан бастап қамауда отыр. Оның ісі бойынша әлі сот шешімі шыққан жоқ.
Марат Жыланбаев бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оны босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.
Марат Жыланбаев – қазақстандық марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының төрағасы. Ол әлемдегі ең үлкен шөлдермен жүгірген жалғыз адам. Былтыр «Ар-Бедел» қоғамдық қоры белсендінің сөздерінен кейін Жыланбаевты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау бойынша сотқа берді. Жыланбаев талап арызды жеңіп алды.
Ол 1963 жылы 19 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. Жер шарының ең ірі шөлдері – Азия, Африка, Австралия және Америкада жүгірген жалғыз адам. Оның әрбір жүгірісі кем дегенде 1200 км құрады. Халықаралық ультрамарафон жарыстарының жеңімпазы және жүлдегері. Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген 7 әлемдік рекордтың иесі.