Ресейлік Fix Price дүкендер желісі Кипрден Қазақстанға көшті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астана халықаралық қаржы орталығы ресейлік Fix Price төмен баға дүкендер желісі Қазақстанда тіркелгенін хабарлады. Осыған байланысты компания Кипрдің юрисдикциясында тіркеуді тоқтатты.
Толығырақ
30 маусымдағы мәліметтерге сәйкес, Fix Price-тің бүкіл Қазақстанда 304 дүкені бар. Оның ішінде 287 жеке және 17 франчайзингтік дүкендер. Олар 19 облыста және 55 қала мен елдімекендерде орналасқан.
– Біз Қазақстанда Fix Price-тің айтарлықтай өсім әлеуеті барын көріп отырмыз. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында дүкендер желісін 24 нүктеге кеңейттік және жыл соңына дейін тағы 16 дүкен ашуды жоспарлап отырмыз, - деді компанияның басқарушы директоры Дмитрий Кирсанов.
Еске сала кетейік, бұған дейін ресейлік компаниялар Кипрдің юрисдикциясынан жаппай кететінін хабарлаған болатын.
Компаниялар Кипрден Ресейдің арнайы әкімшілік аймақтарына арнайы салық режимімен немесе Қазақстан сияқты көрші елдерге көше бастады.
2023 жылдың қазан айында Fix Price компаниясы Кипрден Қазақстанға көшу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.