Қарағанды облысындағы Ақшатау кенті тұсында болған жантүршігерлік жол-көлік апатынан автобус пен минивэн жүргізушісі қаза тапты, деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.
Бұл туралы алғаш болып белгілі журналист Ақбөбе Тәңірберген өзінің Facebook-тегі парақшасында бөлісті.
Қарағанды-Балқаш жолының биыл да салынып бітетін түрі жоқ екенін жазған тележурналист жариялаған видеода жолдың тым нашарлығын да сынады.
“Ақсу-аюлыдан 100 шақырымдай шығып, Ақшатау тұсына келгенде автобус пен “Естимо” соғылып, қаншама адам жолда қалды. Екі көліктің де жүргізушісі қаза тауыпты. 2 сағатта бір жедел-жәрдем келген жоқ. Үш мәйіттің бетін жауып қойыпты. Жаралылар көп. Жолда интернет ұстамайды. Пойызға билет жоқ. Ұшақтың билеті асқақтап тұр. Осылай автобус, индрайвермен шыққан жұрт жолда қырылып жатыр”, делінген әлеуметтік желідегі журналистің жазбасында.
Видеода соққының епкінімен автобустың жол шетіндегі еңіске барып тоқтағаны көрініп тұр. Сондай-ақ Toyota Estima көлігі автобус жүргізушісі отыратын тұсқа соғылған көрінеді.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар туралы нақты дерек жоқ. Ғаламторды ақтарып, Қарағанды облысының әкімдігінің де, облыстық полиция департаментінің де ресми интернет ресурстарынан ешқандай мәлімет таппадық.