Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ сертификаттарын қолдан жасау әрекеттері туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Биыл жалған ҰБТ сертификаттарын ұсыну жағдайы анықталды. Қазіргі уақытта грант конкурсына құжаттар қабылдануда және қабылдау комиссияларына жалған сертификаттар ұсыну бойынша 10-нан астам әрекет тіркелген”, – деп жазылған хабарламада.
Орталық өкілдері ҰБТ сертификатын қолдан жасау мүмкін емес екенін айтады.
“Әрбір сертификатта оның түпнұсқалығын бірден тексеруге мүмкіндік беретін бірегей QR коды бар. Сондай-ақ, ҰБТ сертификаты ресми құжат болып табылады және оны қолдан жасау ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады”, – деді олар.
Ұлттық тестілеу орталығы сертификаттарды қолдан жасауға тырысудың барлық жағдайы тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданатынын ескертті.