Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Қарағанды облысы прокуратурасының үйлестіруімен өнеркәсіптік компаниялардан, оның ішінде “Қазақмыстан” металл және тауар ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ulysmedia.kz хабарлауынша, жергілікті криминалитеттен басқа қылмыстық әрекетке кәсіпорын қызметкерлері, оның ішінде қауіпсіздік қызметінің басшылары мен қызметкерлерінің қатысы бар деп күдіктелуде.
Қылмыстық іс-әрекет салдарынан келтірілген залал анықталып жатыр.
“Қарағанды облысының полиция департаментіне 20-дан астам күдікті жеткізілді. Тінту іс-шаралары барысында олардан атыс және травматикалық қару, автокөлік, қаражат және қылмыстық іс бойынша басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді”, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.