Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың айтуынша, ұйықтамай әрі демалыссыз такси жүргізетін адамдар басқалардың өміріне қауіп төндіреді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сәденовтің сөзі
– Жолаушыларды тасымалдау саласы да қауіпті деңгейде. Бар нормалар сақталмайды. Интернет-такси жүргізушілері пайда табу үшін ұйқысыз әрі демалыссыз көлік басқарады. Медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы тексерілмейді. Осылайша, адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Демалыс, мереке күндері поезға билеттердің жоқтығынан, такси жоғары сұранысқа ие болады, – дейді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, «қауіпті» такси жүргізушілерін анықтау және жауапқа тарту қиын. Интернет-агрегаторлардың рөлі тек тапсырыстарды бөлумен шектеледі.
– Сондықтан келесі жылдан бастап оларға тасымалдау талаптарын бақылау жүктеледі (2023 ж. 20 сәуір «Автомобиль көлігі туралы» Заңға түзетулер). Бұған, Цифрлық даму министрлігі, Еңбек министрлігі, Көлік министрлігі және әкімдіктер қатысуы қажет, – дейді ол.
Үкімет отырысына онлайн режимде қатысқан министр жол көлік оқиғаларының тағы бір факторы көлік тәртібінің төмендігі екенін атап өтеді. Оның айтуынша, биыл жол ережесін бұзу 58%-ға, қарсы жолаққа шығу деректері 70%-ға көп анықталған. Ұсталған «мас» жүргізушілердің саны 15%-ға өсті, барлығы әкімшілік қамауға алынған. Мас күйінде қайта басқару фактілері бойынша қылмыстық істердің саны 20%-ға көбейген Өрескел бұзушыларды құқығынан айыру 2 есе өскен.
Министрліктің шарасы
Жолдарда бақылауды күшейту үшін цифрлық шешімдерді енгізіп жатыр. Қалаларда жол ережелерін бұзуды тіркейтін 24 мыңнан астам автоматты камера орнатылған. Патрульдік автокөліктерді бұзушылықтарды тіркейтін жүйелерімен жабдықталған. Бүгін осындай жүйелерді маршруттық автобустар, жедел жәрдем және мемлекеттік автокөліктерге орнату мәселелері пысықталып жатыр. Елімізде осындай құрылғылар өндіретін кәсіпорын ашылған.
– Сондықтан әкімдіктер тез арада осы құрылғыларды алу қажет, – дейді ол.
Министрдің пайымдауынша, бұл жұмыс жүргізу мәдениетін арттыруға, жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз етіп, жолда бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.