Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 сәуірдегі шешімін өзгеріссіз қалдырды. Алдыңғы сот арнайы тергеу актісінің бөлігін заңсыз деп танып, күшін жойған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Төрт құтқарушының қазасы
2024 жылдың 4 қаңтарында «Майқайыңалтын» АҚ Майқайың жерасты кенішінің аумағында компания қызметкерлері отырған автобус шұңқырға құлап, соның салдарынан төрт құтқарушы қаза тапқан еді. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының бұйрығымен құрылған комиссия жазатайым оқиғаның себептерін тергеп-тексеріп, оқиғаны тергеп-тексеру актісін жасаған.
– Жазатайым оқиға жұмыс уақытында «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС қызметкерлерінің еңбек міндеттерін орындау кезінде орын алды. Акт арқылы жұмыс берушінің кінәсі 100% екені анықталды. «Майқайыңалтын» АҚ жазатайым оқиғада өз кінәсін жоққа шығарып, бұл актіні даулаған. Сотта жазатайым оқиға «Майқайыңалтын» қауіпті өндірістік объектісінде технологиялық жолдың жоғарғы қабатының шахтаның тазарту кеңістігіне құлап, «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС құтқарушыларымен бірге автобустың құлауы салдарынан орын алғаны анықталды. Соттар комиссия актіде «Майқайыңалтын» АҚ-ның 100% кінәсін негізді түрде көрсетті деген қорытындыға келді, өйткені болған жазатайым оқиға талапкердің өндірістік қызметімен тікелей байланысты, – делінген хабарламада.
Шешім
Соттардың қорытындысын зерттелген тергеу материалдары, оның ішінде сараптама ұйымдарының қорытындылары растаған. Елорда соттары арнайы тергеу актісінің даулы қорытындылары заңды және негізді деп тапқан, ал «Майқайыңалтын» АҚ-ның талабын қанағаттандырудан бас тартылған. Жергілікті соттардың сот актілері заңды күшіне енген жоқ.
Оқиғаның мән-жайы
Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» компаниясы кенішінің шұңқырына автобус құлаған болатын. Автобуста жүргізуші мен үш құтқарушы болған. Сол күні төтенше жағдайлар министрлігі құтқару бөлімшелері қаза тапқан екі адамның денесін тауып, алып шыққан. Екі адам әлі табылмай жатыр.
4-22 қаңтар аралығында құлаған жерге айналма жол жасалды. Жарылыс жұмыстары жүргізілді. Өткелді кеңейту және тереңдету кезінде екі жүз мың тоннаға жуық топырақ пен тау жыныстары әкелінді. 18 қаңтарында экскаватордың көмегімен автобус корпусының бір бөлігі, жеке заттар, жоғалған адамдардың құтқару жабдықтары табылып, жер бетіне шығарылған. Екі адам сол күйі табылмады.
Ал Бас прокуратураның ақпаратына қарағанда, полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Ulysmedia.kz порталының тілшісімен әңгіме барысында табылмай жатқан азаматтардың туыстары қазу, іздеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтып, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығын сынға алған еді.
Амангелді Тілеубергеновтың айтуынша, қазір «Майқайың» комбинаты “кінәсізбіз” деп, жұмыс беруші компанияны «100 пайыз кінәлі осылар» деп сотқа беріп жатқан көрінеді. Ішінде “жүргізуші де кінәлі” деп те жазып қойғанын айтқан еді.
Екі құтқарушының денесі жақында табылды.