×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Байзақтағы жарылыс. Екі сарбаздың мойнына 25,1 млрд теңге ілінді

01.08.2024, 01:02
Байзақтағы жарылыс. Екі сарбаздың мойнына 25,1 млрд теңге ілінді
ашық дереккөз

Шымкент қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Қорғаныс министрлігінің 2021 жылы Байзақ ауданының әскери бөлімінде болған жарылыстан мемлекетке келген 25,1 млрд теңгеге жуық шығынды жарылысқа айыпты деп танылған екі сарбаз бен екі офицерден өндіріп беру туралы талабын қарай бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАУАПКЕРЛЕРСІЗ ӨТКЕН СОТ

Азаттықтың мәліметіне қарағанда, жауапкерлердің қорғаушылары министрліктің талабымен келіспейді.

Іске жауапкер деп танылған сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұранов және офицерлер Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев қатыспады. Хатшы судьяға жауапкерлер жазасын өтеп жатқан түзеу мекемелеріне арнайы хат жолданғанын, десе де байланысу мүмкін болмағанын жеткізді. Жауапкерлердің туыстарына іс азаматтық тәртіппен қаралатын болған соң олар қоғамдық қорғаушы ретінде қатыса алмайтыны түсіндірілді.

ІС КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫ

Сот отырысында іске онлайн қатысқан қорғаушылармен байланыс қайта-қайта үзіле берді. Судья техникалық ақауға байланысты істі қарауды кейінге қалдыруға мәжбүр болды.

13 наурызда Астанадағы әскери сот 2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөлімінде болған жарылысқа айыпталып, "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен 9 жылға сотталған 22 жастағы сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұрановтың жазасын 13 жылға ұзартқан. Бұған дейін "Қызметке салғырт қарау" бабымен ақталған төрт офицердің екеуі Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев 5 жылға сотталған. Екі сарбаз жазасын қауіпсіздігі орташа, екі офицер қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болған.

СОТҚА НАРАЗЫЛЫҚ

Сотталушылар сот үкімімен келіспеген. Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұранов судьяның "сот шешімі түсінікті ме?" деген сұрағына наразылық ретінде жауап бермей қойған. Сот алқасы сот залынан шыққан соң "Әділет жоқ! Кінәміз жоқ!" деп айқайлап наразылығын білдірген.

ТАРИХ

2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, 18 адам қаза тапты, жүзге жуық адам жарақаттанған. Ресми мәлімет бойынша, жарылыс шығыны 25 млрд теңгеге жеткен.

Бұл іс бойынша алғашқы сот үкімі 2023 жылы 20 қазанда шығып, кейін айыпталушылар мен әскери прокуратура апелляциялық шағым түсірген. Алғашқы сатыдағы сот бұл шығынды Тұранов пен Әшірбайдан өндіруді міндеттеген еді.