×
$
448.72
€
493.86
₽
5.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.72
€
493.86
₽
5.49

Жамбыл облысында соққыға жығылған оқушы комаға түсті

Бүгін, 18:29
Жамбыл облысында соққыға жығылған оқушы комаға түсті
Polisia.kz

Жамбыл облысында оқушы 20 күннен бері ауыр халде жатыр. Туыстарының айтуынша, жасөспірімді жоғары сынып оқушыларының «жиналысы» кезінде соққыға жыққан. Отбасы оқиғаның жария болуын сұрап, көмекке жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Жәбірленушінің әпкесі Threads желісінде болған жағдай туралы жазды. Оның сөзінше, оқиға 31 қазанда Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында болған.

Оқушылардың басқосуы кезінде 11-сынып оқушыларының нұсқауымен 10-сынып оқушысы оның інісінің кеуде тұсынан бірнеше рет ұрған. Содан кейін жасөспірім құлап, жүрегі тоқтап қалған.

– Інімнің комаға түскеніне 20 күн болды. Ол көрмейді, естімейді, ештеңені сезбейді. Дәрігерлер оған апалликалық синдром (вегетативті жағдай) диагнозын қойды, – деп жазды ол.

Жүрегі тоқтағаннан кейін жасөспірімнің миына жарты сағаттан астам уақыт бойы қан мен оттегі қалыпты деңгейде жетпеген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалғанымен, жағдайы әлі де ауыр. Ұзақ уақыт қимылсыз жатқандықтан, қол-аяғының пішіні де өзгере бастаған.

Жәбірленушінің әпкесі оқиғаға қатысы бар жасөспірімдердің әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне наразылық білдірді.

– Біз артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз, тек әділдік керек! Інімнің осындай күйге түсуіне кінәлілер неге әлі күнге дейін бостандықта жүр? – деп ашынды ол.

Ulysmedia.kz редакциясы түсінік алу үшін Жамбыл облысының полиция департаментіне сауал жолдады.

Сізге қызық болуы мүмкін