Белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы Мұрат Әуезовтың қазасы кезінде марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры әрең берілгенін мәлім етті. Бұл жөнінде Ермек Тұрсынов Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында толығырақ айтып берді.
ТЕАТРДЫ ӘРЕҢ БЕРДІ
– Театрды әрең дегенде бергізді ғой. Балаева (Мәдениет және ақпарат министрі) “болмайды, қазір ережелеріміз өзгерді, керек болса анау мешіттен шығарыңдар” деп жатыр деді. Қалай сен Мұрат Әуезовті мешіттен шығарасың? Анау Ғаділбекті шығарды ғой. Сондай әңгімелерге дейін жетті. Оны ешкім білмейді. Тіпті Тоқаевқа дейін сол әңгіме жетті. Сонда егер президент араласпаса, мыналар қақайып тұрып алатын еді. Әуезов болғаннан кейін Әуезов театрынан шығару керек қой. Алдында ескерткіші тұр әкесінің. Мұрат тек отбасының Мұраты емес, бүкіл қазақтың Мұраты емес пе!? – дейді Ермек Тұрсынов.
Кинорежиссер мұны масқара деп есептейді. Бұл жайтты басқалар ашып айтатынына күмәнданады.
– Мұрат Әуезов! Ол да кезінде бірталай әңгімелерді айтып кеткен адам еді. Оппозициядан өткен ол кісі. Оны да бағаламады, алыстатып жіберген. Ойлы, көзі ашық тұлғаларды неге өкімет жақындатпайды? Неге оларға микрофон беріп сөйлеткізбейді? Неге ылғи Ертісбаевтар, алаяқтар, босап кеткен иттер жүр айналасында? Солардан қоршау жасап алады да, төбелестіріп қояды. Өмір бойы қанден иттермен ырылдасып жүреді. Жүйкелері тозады, ақырында бағаланбай кетеді. Олардың дауысы елге жетпейді, өңкей жасанды шешендерді сөйлеткізіп қояды. Халық аңқау, деңгейі төмен, қараңғы, қайда барып оңайын дегенді Абай айтып кеткен емес пе? Халық сол тобыр, баяғы Абайдың кезіндегі халық. Өзгермеген, табиғаты бұрынғыша, – дейді Ермек Тұрсынов.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz порталының YouTube-арнасынан көре аласыздар.