Атырау облысында «Теңіз» кен орнынан Қара теңізге мұнай жеткізетін құбыр тұсында балық қырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбырының 64-ші және 72-ші шақырымында балық қырылған. Бұл дерек 7 тамызда анықталған.
«Балықтың қырылуы туралы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органға хабар берілді. Арнайы комиссия мүшелері балық шабағы қырылған жерге барды. Жергілікті атқарушы органдармен бірге санитарлық нормаларға сәйкес қырылған балық шабақтары жиналып алынды. Жиналып алынған шабақтардың салмағы – 127 килограмм», - деп хабарлады облысаралық инспекциядан.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары зертханалық зерттеу жүргізу үшін судан сынамалар алды. Алайда қырылған шабақтардың өлексесі түгі қалмай ыдыраған. Балықтың қырылу себептерін анықтау үшін өлекселерден сынама алу мүмкін болмаған.
Мамандардың айтуынша балық шабақтарының қырылуының болжамды себебі – суда оттегінің жетіспеушілігі болуы мүмкін.