Бүгін, 11 тамызда Париж Олимпиадасының соңғы жарыс күнінде сайысқа түсетін екі-ақ қазақстандық спортшы қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Олар – жеңіл атлетикадан марафонға қатысатын Жанна Мамажанова және еркін күрестен жұбаныш белдесуінде бақ сынайтын Әлішер Ерғали (97 келі).
Еске сала кетсек, Әлішер Ерғали қола жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болған еді.
97 келі салмақтың жартылай финалында әлем чемпионы, Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы Ахмед Тажудинов (Бахрейн) пен Рио Олимпиадасының чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпионы және 2 мәрте күміс жүлдегері Кайл Снайдер (АҚШ) күш сынасқан.
Аса тартысты өткен белдесуде Бахрейн палуаны қарсыласынан айласын асырып, отандасымыз Әлішер Ерғалидің жұбаныш белдесуіне қатысу құқығын сыйлаған.
Әлішер әуелі ирандық Әли Әмір Азарпирамен күреседі. Егер жеңсе, қола жүлде жолында Кайл Снайдерге қарсылас болады.