×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Сатыбалды қайтарған «Kaisar Tower» орталығы Ұлттық университетке берілді

14.08.2024, 12:13
Сатыбалды қайтарған «Kaisar Tower» орталығы  Ұлттық университетке берілді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бұл жөнінде Антикор ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Бұған дейін агенттік Қайрат Сатыбалдыұлы қайтарған жылжымайтын мүлік объектілерін мемлекетке берілгенін хабарлаған болатын. Олардың ішінде Алматыдағы құны 7,9 млрд теңгеден асатын «Kaisar Tower» бизнес-орталығы бар. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қарамағына берілген. Сонымен қатар, Т. Жүргенов атындағы «Қазақ ұлттық өнер академиясы» РММ теңгеріміне құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат берілді, – делінген хабарламада.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайтарылған активтердің қолданылу барысын тұрақты негізде қадағаланатынын хабарлайды. Жыл басынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аяқталған қылмыстық істер шеңберінде шамамен 195 млрд теңгені қайтарды. Соңғы 2,5 жылда, оның ішінде олигополиялар тарапынан Қазақстан халқына 1,09 трлн теңге қайтарылды, – делінген хабарламада.

Сатыбалды не үшін сотталды?

Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.

Әу баста тұңғыш президенттің жиенін тұтқындау кезінде оның басқа қылмыстарға да қатысы болуы мүмкін екені айтылған-ды. Антикор сотқа дейінгі тергеуді былтыр тамыз айында аяқтады. Ведомство өкілдері «тергеу барысында мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден асатын немесе 500 миллион АҚШ долларынан асатын заңсыз сатып алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды», деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Сатыбалды «салықтар мен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша» қосымша тергеліп жатқаны хабарланды.

Ал 2022 жылдың қыркүйегінде Астанадағы Байқоңыр ауданының соты үкімді жариялады. Қайрат Сатыбалды қылмыстық істің тағы төрт фигуранты – ОКҚ директорлар кеңесінің төрағасы Марат Мұхамеджанұлымен, ОКҚ президенті Гайни Бекетовпен, «Қазақтелеком»АҚ корпоративтік бизнес директоры Леонид Муравьевпен және спортшы Шыңғыс Қонарбаевпен бірге екі компанияға – «Қазақтелеком» АҚ және «Көлік қызмет көрсету орталығы» АҚ-ға ұрлық жасады және мүліктік зиян келтірді деген айыппен кінәлі деп танылды.

Сот сотталушыларға «Көлік қызмет көрсету орталығы» компаниясынан 28 миллиард теңгеден астам қаражат ұрлады және «Қазақтелеком» компаниясына 12 миллиард теңгеден астам мөлшерінде материалдық залал келтірді деген айыпты дәлелдеді.

Сатыбалды алты жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленді. Президентке оның мемлекеттік наградалары мен ҰҚК генерал-майоры атағынан айыру туралы ұсынылды. Сондай-ақ 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды. Бұл істің қалған қатысушылары шартты мерзімге сотталды. Бекетов пен Мұхамеджанұлы 6 жыл, Муравьев пен Қонарбаев 2,5 жыл «арқалады».