Бизнесмен, “Кусто групп” компаниясының негізін қалаушы Еркін Тәтішев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
“Шарасыздан жазып отырмын”
Еркін Тәтішев Қонаев қаласы сотының шешімі бойынша ағасының өліміне кінәлі азамат шартты түрде бостандықта жүруі себепті президентке жүгінуге мәжбүр екенін жазады.
– Бұл жолдаудың шарасыздықтан туып отырған жайы бар. Менің бауырым – Ержан Тәтішев. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкердің бірі еді. “Казкоммерцбанк”, “Тұран Әлем” банкі және “Астана Холдинг” группасы мен бизнес саласының бірнеше бағытын тоғыстырған жан. Төрт баланың әкесі - нағыз батыр, өз елінің, Қазақстанның патриоты. 2004 жылы 19 желтоқсанда желке тұсына тиген оқтан қаза тапты. Оқ атқан адам артында отырған Мұратхан Тоқмәди еді, – дейді ол.
Кәсіпкер өтінішінде 14 жыл бойы аталмыш қылмысты тергеп келе жатқанын, 14 жыл бойы “жүйе” қылмысты абайсызда болған оқиға деп жауып келгенін айтады.
– Бірақ, біздің әулет шындық жолында күресіп келеді. Сайып келгенде не үшін шындық жария болмай келгені белгілі болды. Бауырымның өліміне тапсырыс беруші Мұхтар Әблязов, ұйымдастырушы және координатор есебінде - Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы (сол уақытта) генерал Дутбаев және оның нөкерлері екен. Барлығы бір Ержанға шабуыл жасап, сатқындардың қармағына салып берген. Кісі өлтіруші Мұратхан Тоқмәди де сол қатардан табылған. Айта кетейін, ол 90-шы жылдардың бұзақысы, рэкетир, Депутаттық корпус ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі.
Жоспарлы түрде орын алған ағамның өлімінің басты себебі “Тұран Әлем” банкін басып алу және басқа да активтерді иелену болған. Және бұл істі Мұхтар Әблязов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегінсіз істей алмас еді. Президент мырза, жаншошырлық қылмыстың арты “Тұран Әлем” банкінен миллиондаған доллардың ұрлануына, кейін Қазақстан банк системасының банкроттығына әкеп соқты. Міне, істің ақыры осындай болды, – дейді ол.
Тоқмәди Тоқаевқа хаты
Еске сала кетсек, жақында Алматы облыстық соты сотталған Мұратхан Тоқмәдидің өтініші қанағаттандырылғанын хабарлады.
2018 жылғы 24 қазанда Тараз қаласында Мұхтар Әблязовтың банкир Ержан Тәтішевті өлтіруін ұйымдастыру туралы ісі бойынша сот талқылауы басталған еді. Іс материалдары бойынша 2004 жылдың желтоқсан айында Тәтішев «ТұранӘлем» банкі АҚ басқарма төрағасы кезінде аң аулап жүрген жерінде қаза тапқан. Ол кезде оның өлімі жазатайым оқиға деп танылды.
Тергеу мәліметтері бойынша кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің қолындағы мылтық көлік шайқалғанда кездейсоқ атылып кеткен. 2007 жылы Тоқмәди аң аулау кезінде Ержан Тәтішевке абайсызда өлтірді деген айыппен бір жылға бас бостандығынан айырылып, бірден рақымшылықпен босатылды.
Алайда 2017 жылы Мұратхан Тоқмәди 2004 жылы Тәтішевтің өлімі жазатайым оқиға емес, Мұхтар Әблязовтың өтініші бойынша жасағанын, тапсырыспен кісі өлтіргенін мойындаған болатын.