×
$
447.73
€
502.98
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.73
€
502.98
₽
5.35

Қазақстанда театрға бару қымбаттады: билет бағасы күрт өсті

Бүгін, 09:37
Қазақстанда театрға бару қымбаттады: билет бағасы күрт өсті
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда театрға бару бір жыл ішінде айтарлықтай қымбаттады. Қаңтар–тамыздың қорытындысы бойынша билет бағасы 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірден 41,5%-ға өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мұндай деректі Finprom сарапшылары келтіреді. Салыстырсақ, бір жыл бұрын театр билеттері небәрі 7,2%-ға қымбаттаған. Биылғы өсім кейінгі бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.

Билет бағасы ең көп Алматыда өскен - бірден 74,1%. Ақтөбе облысында өсім 37,5%, Павлодар облысында 30%, Абай облысында 29,2%, ал Астанада 25,7% болған. Жалпы алғанда, елдің 20 өңірінің 16-сында театр билеттері қымбаттаған.

Театр қызметінің бағасы әсіресе былтыр күзде және 2026 жылғы мамырда күрт өскен. Қазанда баға бір айдың ішінде 10,1%-ға, қарашада 6,9%-ға, желтоқсанда тағы 8,1%-ға, ал мамырда 5,8%-ға көтерілген.

Қазір билет қанша тұрады?

Қыркүйекте Қазақстанда театр билетінің орташа бағасы шамамен 3 мың теңге немесе 6,7 доллар болды.

Баға айтарлықтай өскенімен, Қазақстандағы театр билеттері кейбір көрші елдермен салыстырғанда әлі де арзан. Ресейде билет құны орта есеппен 29,7 доллар, Қырғызстанда 6,9 доллар, Өзбекстанда 8,5 доллар шамасында.

Театрлар саны артып келеді

Сонымен қатар, Қазақстанда театр саласы дамып, театрлар саны көбейіп келеді. Былтырдың қорытындысы бойынша елде 85 театр жұмыс істеген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 театрға көп.

Әсіресе Алматыда өсім айқын байқалады. Бір жыл ішінде қалада тоғыз жаңа театр ашылған. Қазір елдегі әрбір үшінші театрға жуығы Алматыда орналасқан.

Театрлардың 70%-дан астамы – әлі де мемлекеттік мекемелер. Алайда жеке театрлар мен студиялардың саны жылдам өсіп келеді. 2024 жылы олардың саны 15 болса, былтырдың қорытындысында 25-ке жеткен.

Көрермен саны да көбейді

Былтыр театр қойылымдары мен өзге де іс-шараларға шамамен 3,2 млн адам барған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп.

Қазақстандық театрлар бір жылда 500-ден астам гастроль өткізіп, 191 фестивальге қатысқан. Оның ішінде Түркия, Сингапур және басқа да елдерде өткен халықаралық фестивальдер де бар.