Саяси белсенді Серікжан Есенғосұлы суррогаттық жолмен дүниеге келген балалар туралы сөз қозғап, Назарбаевтар әулетіне қатысты бір деректі айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Ықпалды әулеттің суррогаттық жолмен дүниеге келген балалары туралы сөз болғанда шынайы бір оқиға есіме түсіп кетті. Ананың суррогаттық емес, өз баласын тартып алған. Оны некесіз туған баласынан бас тартуға мәжбүрлеген. Ұл баланы әкесінің шешесі, яғни әжесі асырап алған. Қыз баласын сағынып зарығады, бірақ қолынан келер қайран жоқ. Бір кездесуді армандайды. Бір қалада тұрса да, кездесу мүмкін емес. Ол баласымен араласса да, оны ешқашан қайтара алмайтынын түсінеді. Өйткені, баланың әкесінің есімі Айсұлтан, әжесінің есімі Дариға...», - деп жазды ол.
АЙСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Оны бұқаралық ақпарат құралдары көбінесе "Елбасының сүйікті жиені" деп атайды.
1990 жылы 26 тамызда өмірге келген. Бала кезден футболға қызыққан. 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпинатының іріктеу турниріне қатысты. "Челси" және "Портсмут" жастар командалары мен қазақстандық "Астана" командасында ойнаған.
2013 жылы "ҚазРомГаз" АҚ басшысы Қайрат Боранбаевтың қызына үйленген болатын. 2016 жылдың жазында екі жастың отбасында Амели есімді қыз дүниеге келді.
2019 жылдың сәуір айында Айсұлтан Назарбаев фейсбуктегі жеке парақшасында аты-жөнін Айсұлтан Рахат (Aisultan Rakhat) деп, ал отбасылық жағдайын "ажырасқан" деп өзгерткен.
Ондағы мәліметке сүйенсек, тұңғыш президенттің жиені 2019 жылдың 5 ақпанында ажырасқан.
Айсұлтан Назарбаев 16 тамызға қараған түні Лондонда қайтыс болды.
Алдын ала нұсқа бойынша жүрегі тоқтап қалған. Өзге мәліметтер жария етілмеді.