Алтын-Емел ұлттық паркіне меймандарды апаратын жүргізушілер шетелдік туристерге не ұнамайтынын айтты. Олар "Ауылға жол" жобасы шеңберінде бүкіл Қазақстанның ауыл-аймағын аралап жүрген Ulysmedia порталының шығармашылық тобымен кездескен. Видеоға түсірілген шағын әңгіме Тик-Ток желісінде талқыланып жатыр.
“Ауыл жол” жобасының командасы шетелден туристерді әкелетін Елболсын Бабалық атты азаматпен тілдескен.
– Күнде таңертең бесте өтіп кеткіміз келеді. «Бізде жұмыс уақыты сағат 08.00-де басталады» деген жауап естиміз. Бұл қалай? Сол жері дұрыс емес. Автобуспен 30 адамды әкеле жатып, сондай жауап естігенде біртүрлі болып қаласың. Сегізде әкелейін десең, күн біраздан кейін қызып кетеді. Жүре алмайсың. Сұраймыз, өтінеміз. Кіргізбейді, – дейді ол.
Сонымен бірге туристік қызмет көрсететін қызметкерлер туристердің алдында жолмен жүргенде ыңғайсызданамыз дейді. Биыл Елболсын АҚШ-тан, Канада, Польша, Италия, Германия, Үндістан, Малайзияда, Автралиядан қонақтарды ұлттық паркке әкелген.
– Оларға ең алдымен туалеттердің жоқтығын ұнамайды. Ұлттық парктің ішіндегі дәретханалардың бәрі жабық. Миллиондап ақша жұмсаған дәретханалар бар. Бірақ істемейді. Бар туалеттері жайсыз. Жасауын жасаған шығар, бірақ мына дәретханаларды кім тазалайды? Кім су әкеледі? Жүк көліктері мына жерге келе алмайды. Жол мәселесі бар, – дейді ол.
Ауылға жол
Бірнеше күннен бері Ulysmedia командасы «Ауылға жол» атты жаңа жоба бойынша өңірлерді аралап жүр. Онда редакцияның шығармашыл тобы ауыл-аймақты аралап, жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, оқырман мен көрерменге өңірлерден ақпарат таратуды мақсат еткен.
Жалпы елдің күретамыры – ауылдарда ахуал қандай? Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде билік уәде еткендей халыққа көмек көрсетіліп жатыр ма? Ауылдың түтіні қалай түзеледі? Ол үшін жергілікті атқарушы органдар қандай шаруа атқаруда? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеуді мақсат тұтқан команда шыққан материалдарды ресми парақшаларымыз бен сайтымызда жариялайды.